Жетісу университеті: Түлектерге диплом тапсыру рәсімі өтті

Ақтоты Жапатова 03 шіл. 2025 15:39

Биыл Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлектері үшін диплом табыстау рәсімі ерекше әрі әсерлі форматта ұйымдастырылды. Екі күн қатарынан Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының кең залы қуаныш пен шаттыққа толы болды. Салтанатты шараға келген ата-аналар, туған-туыстар мен достар түлектердің қуанышын бөлісті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Университетті биыл 1044 түлек аяқтап, үлкен өмірге жолдама алды. Олардың қатарында 113-і үздік диплом иегері атанса, 360 білім алушы магистр академиялық дәрежесін иеленді.

Мерекелік шараға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Манап Қобылан, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков, Жетісу облысының Әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай, облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Бекбосынов, Қазақстанның құрметті журналисі Әміре Әрін, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеко, сондай-ақ аудан әкімдері мен облыстық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары қатысып, түлектерге сәт-сапар тіледі.

Салтанатты рәсім барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт жас түлектерге ақ батасын берді.  

"Білімді маман – ел болашағының тірегі, қоғам дамуының қозғаушы күші. Сондықтан бүгінгі жастарға артылар үміт пен сенім мол. Қай салада еңбек етсеңіздер де, кәсіби біліктілікпен қатар жауапкершілік пен адалдық сияқты асыл қасиеттерден алыстамаңыздар. Алдағы өмір жолдарыңыз жарқын болсын!

Құрметті ата-аналар мен оқытушылар, бүгінгі қуаныш – сіздердің де еңбектеріңіздің жемісі. Өздеріңізге алғыс білдіре отырып, зор денсаулық пен табыс тілеймін", – деп түлектерге ізгі тілегін жеткізді Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Ермек Бөрібаев.

Салтанатты рәсім барысында университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан түлектер де назардан тыс қалмады. Олар «Белсенді қоғамдық қызметі үшін» медалімен және Алғыс хаттармен марапатталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар