Алматыда құтқарушылар тауда ауырып қалған туристке көмек көрсетті

Алматыда құтқарушылар тауда ауырып қалған туристке көмек көрсетті
видеодан кадр

Алматы қаласында құтқарушылар биік тауда сырқаттанып қалған туристке көмек көрсетті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі жазды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

3 шілде күні құтқарушыларға теңіз деңгейінен 3360 метр биіктікте орналасқан Титова көлі маңындағы кемпинг аймағында үш туристтің жүргені, солардың бірі биіктік ауруының белгілерін сезініп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Ауру белгілері: жоғары температура, қалтырау және құсу.

"Шұғыл эвакуация жүргізу үшін Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы көмекке шықты. Құтқарушылар Медеу бекетінен қажетті құралдармен – ҰҰА және спутниктік байланыс құрылғысымен жолға аттанды. Боралдай әуежайынан «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағы көтеріліп, жедел ұшып шықты", – делінген министрлік хабарламасында.

Құтқарушылар науқасты эвакуациялап, оны Боралдай әуежайына жеткізді. Онда зардап шеккен адам ТЖМ Медициналық апаттар орталығының дәрігерлеріне тапсырылды. Қасындағы екі адам эвакуациядан бас тартты.