Жаңа жылдан бастап Семейде қоғамдық көлікті субсидиялау моделі өзгереді

Жарбол Кентұлы 25 қар. 2024 20:14 69

Жолаушы санына есептелетін тариф негізіндегі субсидиялау моделі өзгермек. Енді, оның орнына маршруттың есептік құнына негізделген модель енгізіледі. Яғни, тасымалдаушы күніне жүрген қашықтығына қарай қаржы алады. Мұндай өзгеріс автобус жүргізушілерін желіде барынша ұзақ уақыт болуға ынталандыра түспек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семей қаласы әкімінің орынбасары Әділет Тұрысбек мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Салыстырмалы түрде айтсақ, Абай облысы құрылғанға дейін техниканың маршруттарға шығу пайызы 50%-дан аспайтын. Бұл мәселе халықты тасымалдау сапасына айтарлықтай әсер етті. Деседе облыс құрылғаннан кейін біз, бұл мәселенің шешім неғұрлым жедел шешуге тырыстық. Қазіргі уақытта автобустардың желіге шығу пайызы 75%-дан төмен емес және тұрақты деңгейде сақталуда, – дейді Әділет Тұрысбек.

Сонымен қатар, әкім орынбасары өз сөзінде алдағы субсидиялау өзгерісі автопарктердің қозғалыс құрамын жаңартуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

– Қаланың  барлық маршруттарында электронды билет жүйесі іске қосылған. Біріккен диспетчерлік және бақылау қызметі бойынша айтсақ, қала әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі және Жолаушылар тасымалы басқармасы орталығы  келісімшарт жасасқан. Барлық ақпарат сол жерден тапсырыс берушіге беріліп, осы мәліметтер негізінде қаражат мәселесі реттеледі, – деді спикер.

ЖК және АЖ бөлімінің Жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Арман Жоламанов автобус қозғалысының аралықтары мен тұрақтылығының бұзылу мәселелерінен хабардар екенін атап өтті.

– Қозғалыс тұрақтылығының жүйесі бұзылған жағдайда, біз субсидиялау ережелеріне сәйкес, жоспардың орындалуына қарай теңдей субсидия сомасын азайтуға құқылымыз. Мұндай жағдайларды біз назардан тыс қалдырмаймыз. Қазіргі таңда, жолаушылар тасымалын басқару орталығы бізге әр маршрут бойынша жоспардың қанша пайызға орындалғаны туралы мәлімет беріп отырады, – деп толықтырды Жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі.

Маршруттық желілерді оңтайландыру және жаңа желілерді әзірленбек. Бұл туралы Семей қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Әділбек Увасилов толығырақ түсіндірді.

– 2025 жылы қалада маршруттық желілерді оңтайландыру жоспарлануда. Маршруттарға байланысты барлық мәселелер зерттеліп, ғылыми тұрғыда қарастырылады, – деді Әділбек Увасилов.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар