Сәтқалиев жаңа мұнай өңдеу зауытын салуды ұсынды

Қаракөз Амантай 25 қар. 2024 16:05 82

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елде мұнай өнімдері тапшылығының алдын алу үшін жаңа мұнай өңдеу зауытын салуды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр бұл мәселені Мәжілістегі Үкімет сағатында көтерді. Айтуынша, 2036 жылға қарай жеңіл мұнай өнімдерінің тапшылығы күтілуде.

“Сол себепті қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытын жобалауды 2030 жылдан кешіктірмей қолға алып, құрылысты 2032 жылы бастау маңызды”, - дейді ол.

Сәтқалиевтің сөзінше, бұл жоба 2040-2050 жылдар аралығында елдің жанар-жағармайға деген сұранысын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Азияның өсіп келе жатқан нарықтарына жанар-жағармай экспорттауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар министр Мемлекет басшысының ішкі нарықты отандық битуммен қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өткенін айтты.

“Қазіргі таңда зауыттардың жалпы өндірістік қуаты 1,2 млн тоннаны құрайды, бұл ішкі сұранысты толық жабуға жеткілікті”, — деді министр.

Айта кетейік, бүгін депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов жаңа мұнай кен орындарын барлау жұмыстары жеткіліксіз деңгейде қаржыландырылып жатқанын мәлімдеген еді.

“Бүгін мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілетін шикізат туралы айтылды. Отандық мұнай өндірушілер қорлары азайып, тиімсіз жобалармен айналысуға мәжбүр. Бұл алдағы жылдары мұнай өндіру көлемін арттыруды былай қойғанда, қазіргі деңгейде ұстап тұрудың өзі қиынға соғатынын көрсетеді. Барлау жұмыстарына ерекше көңіл бөлу қажет, алайда бұл бағытта жасалып жатқан қадамдар жеткіліксіз,” – деді депутат.

Сонымен қатар Ізмұхамбетов геологиялық барлауға бөлініп жатқан қаржының тым аз екенін айтты.

“Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға дейін барлау жұмыстарына 5 миллиард доллар инвестиция құйылады. Жылына бұл шамамен 1 миллиард доллардан аз қаржыны құрайды. Алайда бұл көлем жеткіліксіз, мұндай қарқынмен жоспарланған жобаларды іске асыру мүмкін болмайды. Сондықтан барлау саласына көбірек қаржы бөлу керек,” – деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін депутат Еділ Жаңбыршин алдағы 15 жылда Қазақстандағы көмірсутек ресурстарының қоры таусылуы мүмкін екенін айтқан еді.

Еділ Жаңбыршин бүгінгі таңда мемлекеттің есебінде көмірсутек шикізатының 548 кен орны бар екенін, мұнай қорының жалпы көлемі 4,3 млрд тоннаны құрайтынын еске салды.

"Көмірсутек шикізаты қорының 72% - ы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарына тиесілі. 10-15 жылдан кейін осы үш ірі кәсіпорында мұнай мен газ өндіру көлемі төмендейтіні анық. Сонымен қатар, игерудің кеш кезеңіндегі кен орындарының кейбірінде мұнай мен газ өндірісі төмендейді, кейбірінде жұмыс тіпті тоқтайды... Егер геологиялық барлаудың қазіргі баяу қарқыны және мұнай өндірісінің бүгінгі деңгейі сақталса, онда алдағы 15 жылда көмірсутек ресурстарының қоры түгесіледі", - деді депутат.

Ол Қазақстанда жаңа сутектер қорын ашу үшін біздегі геологиялық барлау саласының әлеуеті жеткілікті екенін айтады. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар сылбыр жүрде. Мәселен, депутаттың айтуынша, тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде елімізде бір ғана жаңа кен орыны ашылған.

Бұған дейін осы Үкімет сағатында баяндама жасаған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев биылғы мұнай өндірісі көлемінің күрт қысқаруына не себеп болғанын түсіндірген еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар