Ақтауда "Хан" лақап атымен танымал асаба Қасым Өтешев 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. БАҚ мәліметінше, мұндай шешім оның жұбайына қатысты шығарылған қорғаныс нұсқамасының талаптарын бұзуына байланысты қабылданған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақпаратқа қарағанда, мамыр айының ортасында полиция Қасым Өтешевке жұбайы Алмаға жақындауға және онымен байланыс орнатуға тыйым салатын қорғаныс нұсқамасын берген. Алайда бірнеше күннен кейін асабаның әйелінің үйіне барғаны айтылады.
Сол жерде ерлі-зайыпты арасында жанжал туындаған. Оқиға орнында болған адамның айтуынша, әңгіме көп ұзамай дау-дамайға ұласып, тараптар бір-біріне ауыр сөздер айтқан.
Осылайша, бұған дейін әлеуметтік желіде қызу талқыланған отбасылық жағдай енді құқықтық мәселеге ұласты. Қорғаныс нұсқамасының талаптарын бұзғаны үшін Қасым Өтешев 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Мәліметке сүйенсек, асаба жақын күндері бостандыққа шығуы тиіс.