Сот бұрынғы шіркеу қызметкері Иаков Воронцовты психиатриялық ауруханада қалдырды

Сот бұрынғы шіркеу қызметкері Иаков Воронцовты психиатриялық ауруханада қалдырды
Фото: facebook.com/@Иаков Воронцов

Апелляциялық сот бұрынғы орыс православ шіркеуінің священнигі Яков Воронцовты мамандандырылған психиатриялық мекемеге орналастыру туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қорғаушы сараптама тағайындау тәртібімен келіспейді

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, қорғау тарапы тергеу психологиялық-психиатриялық сараптаманы қалай тағайындағанымен келіспейді. Оның сөзінше, Воронцов бастапқыда заңмен берілген құқығын пайдаланып, сараптамадан өтуден бас тартқан. Соған қарамастан оны ауруханаға жеткізген. Кейін қорғауындағы азамат медициналық мекемеде де сараптамадан өтуден қайта бас тартқан.

«Соған қарамастан дәрігерлер нақты жауап алмастан өз қорытындыларын жасады. Оның үстіне диагноздардың кейбірі сұрақ белгісімен көрсетілген. Прокурордың айтуынша, бұл тергеушіге оның жағдайын анықтауға мүмкіндік бермеген. Сондықтан оны мәжбүрлі түрде тексеруге жіберді», – деді адвокат.

«Қорғану құқығы толық қамтамасыз етілмеді»

Қорғау тарапы күдікті мен адвокаттардың тергеу сотында өз ұстанымын толық қорғауға мүмкіндігі болмағанын айтады. Нұрпейісовтің сөзінше, сараптама қорытындысымен танысқаннан кейін қорғаушыларда, соның ішінде Воронцовтың медициналық картасына қатысты да сұрақтар туындаған.

«Сот медицина – медицина, ал заңгерлер заң аясында әрекет етуі керек деген ұстанымды айтты. Біз адамның денсаулық жағдайын анықтай алмаймыз», – деді адвокат.

Сонымен қатар қорғаушы тарапқа іс материалдарының толық көлемі, оның ішінде сараптамалар берілмегенін мәлімдеді. Осыдан кейін сот прокурорға қорғау жағын барлық қажетті материалдармен қамтамасыз етуді тапсырған.

Адвокаттардың айтуынша, енді олар балама сараптама жүргізуді жоспарлап отыр.

Воронцов қазір Ақтастағы ауруханада жатыр

Қорғаушының мәліметінше, Яков Воронцов қазір Ақтастағы психиатриялық ауруханада қалып отыр.

«Өзін жақсы сезінеді және сәлем жолдап жатыр», – деді адвокат.

Воронцов не үшін қоғам назарында жүр?

Еске салайық, жуырда АҚШ-тың халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Яков Воронцовты діни сенімі үшін қудаланып жатқан адамдар тізіміне енгізген болатын.

Воронцов Украинадағы соғысты ашық сынап, Қазақстанда Мәскеуге бағынбайтын тәуелсіз автокефалды православ шіркеуін құру идеясын қолдап келген. Ол Қазақстандағы православ шіркеуінің автономиясы туралы бастамасын 2023 жылдың жазында берген сұхбаттарының бірінде егжей-тегжейлі түсіндірген еді.