Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Алматыдағы №3 кешенді балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесіп, Балаларды қорғау күніне орай оларға спорттық құрал-жабдық алуға сертификаттар табыстады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы спортшы өзінің Threads парақшасында хабарлады. 30 жас спортшының әрқайсысына 200 мың теңгелік сертификат берілген. Осылайша, жалпы қолдау көлемі 6 млн теңге.
Шайдоров балаларға қуаныш сыйлай алғанына риза екенін жеткізді.
– Қолдау көрсеткендердің барлығына рақмет! Балаларға жағымды эмоция мен өз күшіне деген сенім сыйлай алғаныма өте қуаныштымын, – деп жазды спортшы.
Бұған дейін Михаил Шайдоров жалақы төлемдеріне қатысты қиындықтар болғанын айтқан еді. Сондай-ақ қаражат қолына тиген соң оның бір бөлігін балаларға көмектесуге жұмсайтынын мәлімдеген.
Осылайша спортшы өз уәдесінде тұрып, жас мәнерлеп сырғанаушыларға қолдау көрсетті.