Бұл топтарға негізгі SHARE жобасының 5 жетекшісі мен 25 ерікті (SHARE 1) аптасына 1 рет жиналып, сыныптағы жалпы жағдайды және байқаған өзгерістерді ортаға салып, алдағы әрекеттерді жоспарлап отырады. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда. Кeмбридж университетімен бірлесе жүзеге асып жатқан SHARE жобасы әр педагогтың біліктілігін көтеріп қана қоймай, жұмысына басқаша көзқарасын тудырады. Іс-әрекетті зерттеуге өткеннен бері педагогтер қауымдастығы арасында идеялар базасы кеңеюде. Мұғалімдер бір-біріне пікірлерін білдіріп, іс-тәжірибемен алмасуда. Ал, SHARE 2 деп аталатын жобаға болашақта қосымша еріктілерді тартатын боламыз.
Жалпы бұл жобаның 4 негізгі концепциясы бар:
- Іс-әрекетті зерттеу;
- іс-әрекеттің тұрақты дамуы;
- оқу мен оқытудың өзіндік көзқарасын қалыптастыру;
- көшбасшылық және басқару.
SHARE жобасы біріккен, талқыланған жұмысты қажет етеді. Жаңа оқыту бағдарламасында жан-жақты сыни ойлай алатын оқытушы ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Қазіргі оқыту технологиясы бойынша да бір нақты затқа фокус жасау арқылы оқыту қажет. Ол білім алушының зейіңнің, сыни ойлау жүйесін, білімін тезірек дамытуға ықпал жасайды. Жетістікке жетуде үштік одақтың әрқашан байланыста болуы маңызды. Ол: оқушы, мұғалім, ата-ана. Осы үштік ынтымақтастықта жұмыс жасауы керек, себебі бала тәрбиесінің бағбаны – ата-ана мен мұғалім. Бір-бірімен пікір алмасу арқылы негізгі проблеманы анықтап, іс-әркетті зерттеуге мүмкіндік жасау.
Мектепте тек білім сапасы мен бір мезеттік нәтижені қуалаумен шектелу дұрыс емес. Нақты қазіргі кездегі білімнің жетістіктері мен кемшіліктерін бағалап, ұзақ мерзімді жоспар құрау маңызды. Яғни, SHARE жобасы қысқа мерзімді нәтижеге емес, керісінше ұзақ уақыт жемісін беретін білім көзіне бағытталған.
Мектепің негізгі құндылықтарын қалыптастырып нығайту үшін мектеп әкімшілігі мұғалімдердің үнін тыңдап, зерттеу фокусын талқылау барысында бақылап, сенімді қарым-қатынас мәдениетін орнатуды жүйелеу маңызды. Адамдар басқаларға өз ойлары мен көзқарастарын түсіндіре отырып, түсініспеушілік секілді жағымсыз құбылыстарды болдырмауға әрекет жасайды. Әкімшілік мұғалімдердің жеке пікірін сыйлап, тәжірибесін қабылдау арқылы өзара тығыз жұмыс атқарулары керек. Себебі, дөрекілік, жағымпаздық, бір-бірінің пікірін сыйламау дұрыс зерттеу жұмыстарына алып келмейді. Бұл ретте, оқушылармен де қарым-қатынас орнату кезінде ескерілетін жайттар. Баланың дамуы қарым-қатынастан басталады. Топта серіктестік қатынас кезінде өзінің өте маңызды екенін ескеріп, өз ойымен еркін бөлісуі керек.
Іс-әрекетті зертеу кезінде сұрақты оқушыларға дұрыс қоя білу оң өзгерістерге алып келеді. «Дұрыс сұрақ қоя білу – ақылдың немесе көрегендіктің маңызды және қажетті белгісі. Сұрақ өз бетінше мағынасыз болып, пайдасыз жауапты талап етіп тұрса, ол адамды мағынасыз жауап беруге итермелеп, оны сәтсіздікке ұшыратады...» деп, И.Кант айтпақшы, сұрақты балық аулайтын қармақпен салыстыруға болады. Яғни, қармаққа балық ауланса, сұрақ арқылы түрлі идеяларды іліп шығаруға болады. Қызықты жауаптар жақсы идеяларға алып келеді. Сұрақтарыңыз оқушы үшін пайдалы болып, мұғалім үшін тиімді болу мақсатында белгілі бір ережелерге сүйенген дұрыс. Сондай-ақ әр мұғалім өзінің сұрақ қою шеберлігі туралы жиі ойланып, сұрақ қояр алдында келесі мәселелерді ойдан шығармаған дұрыс болар:
- Сұрақты қояр алдында, мақсатыңызды анықтап алыңыз;
- сирек қолданылатын терминдер мен түсініксіз сөздерді пайдаланбаған дұрыс;
- сұрақ нақты болуы қажет;
- сұрақ ойға қонымды болу керек;
- сұрақ бір сарынды, дағдылы жауаптарды болдырмау керек;
- мұғалім өз дегеніне келтіретін сұрақ қоймау керек;
- сұрақ жауап берушіні қажетті жауапқа мәжбүрлемеу керек;
- оқушылардың білімі мен ойлау қабілетін анықтайтын сұрақтарды қоюды меңгеру керек;
- сұрақ қойған соң, оқушылардың түсінгеніне көз жеткізу.
Білім жолында қатып қалған заңдылық жоқ. Білім беруші өз мақсатына қарай түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануына болады. Тек бір бағдарламаның негізінде ғана білім беру қате тәжірибе.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің бір сөзінде «Бағдарламаларды толығымен жаңарту керек. Бір бағадарламамен бірнеше жыл жұмыс істеуге болмайды. Сапалы білім алудың бірден-бір шарты – мұғалімнің жаңашыл болуы. Себебі, еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың білім деңгейімен өлшенеді» деген болатын.
Сондықтан қазіргі заман мұғалімі өз пәнінен білімді ғана емес, тарихи танымы мол, педагогикалық, психологиялық сауатты, озық педагогикалық технологияларды меңгерген ұстаз болуы қажет және сол деңгейге сәйкес болуы шарт.
ҚР педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының теориялық негіздері негізі жеті модульдан топтастырылған екен. Аталған бөлімдер ғылым мен тәжірибеге негізделген жаңа идеялар мен технологияларға толы. Осы модульдарды меңгерген кез келген оқытушы сауатты және білікті маман болатыны анық.
Ал екінші деңгей бағдарламасының міндеті – біз айтып отырған іс-әрекетті жоспарлау және жүргізу болып табылады. Мұғалім іс-әрекетті жоспарлау үшін оған анализ жасап алуы тиіс. Яғни, білім беріп отырған сыныбында қандай проблемалар бар. Ол жағдайларды күрделі, орташа, жеңіл деп үш деңгейге бөлу арқылы шешімін табу. Себебі, білім беру процесінде оқытушының тек білімді болуы жеткіліксіз. Ол сол сыныптың тамырын ұстап қалғанда, сыныптың жалпы ахуалын білуі маңызды.
Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанмен оның мұғалімдігі жойылатыны сөзсіз. Сондықтан білімнің кемел жолында тыңбай еңбек етуіміз – мықты болашақтың кепілі.
Педагогика ғылымдарының кандидаты,
І.Жансүгіров атындағы
№58 мектеп-гимназиясының директоры
Самал Ботаханқызы,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
Қауымдастырылған профессор
Абыканова Бакытгуль Толыбековна