Қырғыздардың өз Болаты бар. Жапаров оны қалай жазалады?

Dalanews 28 сәу. 2022 11:46 801

«Кабар» агенттігіне сұхбат берген Қырғызстан президенті коррупциямен күресте атқарылған шаралар жайында айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жапаров билікке келгелі қырғыздың Ұлттық қауіпсіздік комитеті жемқорлардың сандығындағы 8 млрд сомды мемлекетке қайтарған. Прокуратураның араласуымен ұрланған 3 млрд сом және анықталған. Парақорлардың есеп-шотындағы ақша басы бүтін күйінде қазынаға құйылған.

«Жемқор шенділердің дүние-мүлкін де тәркіледік. Жылжитын, жылжымайтын мүлік мемлекеттің есебіне өтті. Жемқорлықпен күресте ашық саясат ұстанып отырмыз. Кез-келген қырғыз азаматы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураға бас сұғып, ақшаның қайда аударылғанын сұрай алады. Бұл туралы анық-қанық мәлімет береміз. Құпия дейтін емес. Егер қандай да бір себеппен аталған органдар сізге мәлімет беруден бас тарта, бірден маған айтыңыздар»,  – дейді ол.

...

Парақорларға қарсы ымырасыз күрес жариялаған Жапаров Қырғыз кеден қызметі басшысының экс-орынбасары Райымбек Матраимовтың «жегенін желкесінен шығарғанын» мәлімдеді.



Қызметін асыра пайдаланып, миллиондаған долларды қалтаға басты деген күдікке ілінген Матраимов ел арасында "Райым миллион" деген атпен әйгілі. Матраимов әулеті Қырғызстанның ең дәулетті семьяларының санатында болған. Жапаров атышулы шендіні абақтыға жаппаса да, оған тиесілі капиталы түгелдей мемлекетке қайтарғанын айтады.

«Біз одан 2 млрд 150 млн сом өндіріп алдық. Оған тиесілі «Елдорадо» сауда үйін кәмпескеледік. Матраимовтың иелігіндегі 10 элиталы пәтерді мемлекеттік баспана бағдарламасы арқылы халыққа үлестіріп бердік.

Іштегі байлығынан бөлек, сырттағы капиталын да іздестірдік. Шетелдегі  активтерінің ізін жасырып үлгерген екен, ол туралы толымды ақпарат таба алмадық.

Есеп-шотындағы елдің есебінен жиған-тергенін түгелдей сыпырып алдық. 2 млрд сом мемлекет қазынасына аударылды, артынша абақтыдан босатып жібердік. Оны елдің есебінен асырап, түрмеде ұстағаннан не ұтамыз?

Райым ғана емес, халықтан ұрлағанын еселеп қайтарған өзге де шенеуніктер көп ұзамай бостандыққа шықты. Парақорлардың қойны-қонышын тінтіп, жалпы саны 8 млрд сомды бюджетке аудардық», – дейді Жапаров.

...

Қырғыз басшысы өзінің маңайындағы кадрларға қатысты пікір білдіріпті. Жапаров олардың бұрнағы іс-әрекеті мен репутациясына назар аудармайтынын айтады.

«Төңірегіме топтасқан азаматтарға қояр жалғыз талабым бар:

«Өткен өміріңе үңілмеймін, оппонентімнің командасында болғаның үшін қудалайтын әдетім жоқ.

Ең бастысы ұрлық-қарлық, барымта-сырымта деген түсініктен аулақ бол. Мемлекет мүддесі үшін қарекет қыл! Ал егер тура жолдан тайсаң, менен аяушылық күтпе.


Жегеніңді желкеңнен шығарамын. Абақтыға қамалып азап шегесің», - деймін.

Иә, кейбірінің өткені бұлыңғыр, абырой-беделі күмәнді. Бірақ, іске келгенде ширақ, батыл қимылдайды. Мемлекеттік жұмыстың ұңғыл-шұңғылын беске біледі. Тау қопарып тастайтын қауқары бар. Таза жігіттердің кейбірі болбыр, сылбыр. Оларды күтіп отыратын уақыт тапшы. Мемлекеттік қызмет тәуекелге барып, батыл шешім қабылдауды талап етеді», – дейді Жапаров.

Қырғыз басшысы жемқорлықтың тамырына балта шауып, коррупцияның көзін құртуға кіріскелі отыр.

"Антикордың назарына іліккен шенеуніктер жегенін еселеп қайтарады, халықтың сөзімен санаспайтын ескі жүйе келмеске кетті", – дейді ол.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар