Астана мен Алматы тұрғындары коммуналдық қызметтерге төлемақының өскенін айтып жатыр. Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары түбіртектерін жариялап, тарифтерді талқылауда. Бұл жағдайға Табиғи монополияларды реттеу комитеті түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәселен, Астана тұрғындары биылғы алғашқы Біріңғай есеп айырысу орталығының түбіртектерін алғаннан кейін коммуналдық төлемдердің күрт артқанын айтады. Олардың сөзінше, жылу үшін төлем өткен айлармен салыстырғанда 1,5–2 есе өскен.
Комитеттің мәліметінше, қазір реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге мораторий қолданыста. Оған электр энергиясы, жылу, су және су бұру қызметтері жатады. Осы кезеңде Комитет пен оның аумақтық департаменттері тарифтерді қайта қарау немесе көтеру жұмыстарын жүргізбеген.
Ведомствоның хабарлауынша, 2025 жылғы желтоқсан және 2026 жылғы қаңтар айлары үшін жылу төлемдері жалпыүйлік есептегіштердің нақты көрсеткіштері негізінде есептеліп, заңнамаға сәйкес пәтер аумағына пропорционалды түрде тұрғындарға бөлінген.
Тексеру нәтижесінде қаңтар айындағы түбіртектердегі соманың өсуі жылыту маусымында жылу энергиясын нақты тұтынудың артуымен байланысты екені анықталған.
Комитет өкілдері тұтыну көлемі ауа температурасына және жылумен қамту режиміне тәуелді екенін нақтылады.
Мысалы, 2025 жылғы желтоқсанда Астанада орташа айлық температура –8 градус болса, 2026 жылғы қаңтарда –14,3 градусқа дейін төмендеген. Осыған байланысты жылу энергиясын тұтыну артқан, бұл төлем құжаттарында көрініс тапқан.
Комитеттің мәліметінше, электр энергиясы, су және су бұру қызметтері үшін төлемдер есептеу құралдарының нақты көрсеткіштері негізінде жүргізіледі. Егер көрсеткіштер уақтылы тапсырылса, төлем нақты тұтынылған көлем бойынша есептеледі.
Сондай-ақ ведомство реттелетін коммуналдық қызмет тарифтері қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке алмай бекітілетінін атап өтті. Ал қызмет нақты көрсетілген кезде ҚҚС салық заңнамасына сәйкес түбіртекке қосылады, бұл соңғы төлем сомасына әсер етеді.
Комитеттің айтуынша, түбіртектердегі орташа өсім 3–4 пайыз шамасында, бұл тарифтердің қымбаттауы болып саналмайды.
Мысал ретінде: егер қызмет үшін есептелген сома 500 теңге болса, ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайыз кезінде салық 60 теңге болады да, жалпы төлем 560 теңгені құрайды. Ал ҚҚС 16 пайыз болған жағдайда салық 80 теңге, ал түпкілікті сома 580 теңге болады.
Яғни нақты өсім 20 теңге немесе бұрынғы төлемнің шамамен 3,6 пайызы.
