Қазақстан халықаралық бедел индексінде Орталық Азия елдерінің арасында тағы да алдыңғы орынға шықты. CEOWORLD Magazine жариялаған Global Nations Reputation Index рейтингінде еліміз 197 мемлекет арасынан 69-орынға жайғасқан., деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл рейтинг елдерді 50 түрлі критерий бойынша бағалайды. Оның ішінде «жұмсақ күш», экономикалық жетістіктер, инновация, мемлекеттік басқару сапасы, тұрақты даму және халықаралық имидж сияқты көрсеткіштер бар.
Сарапшылардың айтуынша, инвесторлар белгілі бір елге қаржы құярда тек экономиканың өсімі немесе заңнаманы ғана есепке алмайды. Олар мемлекет туралы халықаралық көзқарасқа, әлеуметтік тұрақтылыққа, мәдени ерекшеліктерге және бизнесті жүргізу жағдайына да назар аударады.
Өйткені елдің халықаралық беделі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым ол инвестиция үшін тартымды болады. Бұл инвесторға да оң имидж қалыптастырады әрі бизнес жүргізудің қауіпсіз әрі тұрақты екенін аңғартады.
Мұндай рейтингтердің ел үшін бірнеше артықшылығы бар:
- шетелдік инвестиция көлемі артады;
- халықаралық сауда мүмкіндігі кеңейеді;
- шетелден туристер мен білікті мамандарды тартуға жол ашылады.
Қазақстан қай орында тұр?
2026 жылғы рейтингте Қазақстан 66,62 балл жинап, 69-орынға орналасқан. Ел рейтингте Катар мемлекетінен кейін тұрса, Сауд Арабиясы, Мексика және Малайзия секілді елдерді артта қалдырған.
Ал Орталық Азиядағы өзге мемлекеттердің көрсеткіші төменірек болып шықты:
- Түрікменстан – 84-орын, 61,88 балл;
- Өзбекстан – 134-орын, 37,7 балл;
- Қырғызстан – 145-орын, 34,87 балл;
- Тәжікстан – 160-орын, 27,92 балл.
Қазақстан неге алда келеді?
Сарапшылар Қазақстан аймақта инвестиция тарту мен жаңа жобалар саны бойынша көшбасшы болып отырғанын айтады. Бұл жағдай елдің халықаралық беделі жоғары екенін тағы бір мәрте көрсеткен.
Мамандардың пікірінше, Қазақстан экономикасының тұрақты өсуі, инвесторларға көрсетілетін қолдау және көпвекторлы сыртқы саясат елдің артықшылығына айналып отыр. Қазіргі геосаяси жағдайда мұндай факторлар халықаралық нарық үшін ерекше маңызды саналады.