Қазақстандықтар 719 млрд теңгені алтынға айырбастады

Самал Асқар 12 ақп. 2026 12:43

Қазақстандықтардың қолындағы алтын қоры 9 тоннаға жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл шамамен $1,5 млрд немесе 719,7 млрд теңге. Ұлттық банктің мәліметінше, қазіргі таңда 1 грамм алтын 79 971,37 теңге тұрады.

2025 жылы Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер мен жекелеген айырбастау пункттеріне жалпы салмағы 889,5 кг болатын 27 807 өлшемді құйма сатқан. Сатылымның 74%-ы Алматыға тиесілі – 20 526 дана. Астанада 1 650 дана, Шымкентте 1 099 дана өткізілген.

Биыл банктер мен айырбастау пункттері кері сатып алуды есепке алғанда халыққа 40 799 алтын құйма сатқан. Бағдарлама басталғалы бері барлығы 263 479 құйма сатылып, жиынтық салмағы 9 тоннаға жеткен.

Ең сұранысқа ие – 10 граммдық құйма. Оның үлесі 26% немесе 67 833 дана. Одан кейін 5 граммдық құймалар – 22%, 100 граммдық – 20%, 20 граммдық – 19% және 50 граммдық – 13%.

Ұлттық банк нарықтағы өтімділік кері сатып алу тетігі арқылы қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Құйманы өткізген клиентке ақша сол күні төленеді.

Сарапшылар мұны халықтың қаржы жүйесіне сенімсіздігімен және инфляциялық қысыммен байланыстырады. Теңге құбылып тұрған кезде қазақстандықтар жинағын қағазда емес, нақты металда сақтауды жөн көреді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove