Танымал саясаткер әрі кәсіпкер Болат Әбілов марқұм мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевты еске алып, оның қаза тапқанына 20 жыл толғанына назар аударды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол аталған қылмыстың әлі күнге дейін толық ашылмай отырғанын айтып, Қазақстанның жаңа тарихындағы бірқатар қасіретті кезеңдерге тоқталды.
Әбіловтің жазуынша, ел тарихындағы ең ауыр әрі қайғылы оқиғалардың көбі күздің соңы мен қыс айларына тұспа-тұс келеді. Мәселен, 2005 жылдың қарашасында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов өз үйінде қастандықпен өлтірілді. Алайда арада қанша жыл өтсе де, бұл қылмысты жасағандар да, тапсырыс бергендер де анықталған жоқ. Желтоқсан айы да ел жадында қаралы кезең ретінде сақталған: 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, 2011 жылғы 16–17 желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы. Қаңтар мен ақпан айлары да қанды трагедиялармен байланысты - соның бірі 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы. Ал 2006 жылдың ақпанында оппозициялық саясаткер, «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев көмекшісі Бауыржан Бекбосынов және жүргізушісі Василий Журавлёвпен бірге қастандық құрбаны болды.
Болат Әбіловтің айтуынша, Сәрсенбаевтың қазасы арада жиырма жыл өтсе де, ел жадынан өшкен жоқ.
«Алтынбектің өмірден өткеніне 20 жыл толды. Бірақ бұл қайғылы жағдай кеше ғана болғандай әсер қалдырады. Санадан кетпейтін бір сұрақ бар: ол не үшін өлтірілді?» – дейді ол.
Әбілов Сәрсенбаевтың сол кездегі саяси ахуалға қатысты батыл әрі ашық ұстанымда болғанын да еске алды. Оның айтуынша, Алтынбек Сәрсенбаев Рахат Әлиевтің сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы қастандық жоспарлап жүргенін дәлелдейтін материалдарды жинаған. Марат Тәжинмен бірге олар бұл ақпаратты тікелей президентке жеткізген. Сол сәт Назарбаевтың қатты абдырап, өзін-өзі ұстай алмай қалғанын, ал Алтынбек пен Тәжин оған көмектескенін Әбілов өз жазбасында атап өтеді. Осы кездесуде Сәрсенбаев Рахат Әлиевті және оның айналасындағыларды биліктен шеттетіп, қамауға алу қажет екенін ұсынған.
Болат Әбілов бұл оқиға Алтынбек Сәрсенбаевтың тағдырына тікелей әсер еткен болуы мүмкін деген пікірде.
«Мүмкін, дәл осы жағдай Алтынбектің көзін жоюға себеп болған шығар. Өйткені ол мемлекет басшысының әлсіздігін, қорқынышын көрді. Әрине, бізге беймәлім немесе тек жорамал деңгейінде ғана қалатын өзге де себептер болуы мүмкін. Бірақ бір нәрсе анық: Алтынбек ешқашан радикал болған жоқ, зорлық-зомбылыққа немесе төңкеріске шақырған емес. Сондықтан “неге?” деген сұрақ әлі де жауапсыз. 20 жыл өтсе де, бұл қылмыстың тапсырыс берушілері анықталмады, жазаланған жоқ. Бұл – Қазақстанның жаңа тарихындағы ең үрейлі, ең құпия саяси қастандықтардың бірі. Болашағы зор саясаткерді, шынайы саяси бәсекелесті жою кімге тиімді болғанын және бұл қылмыстың ізі қайда апаратынын көпшілік іштей түсінеді. Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімі ұлттық трагедияға, орны толмас ауыр шығынға айналды. Осы жиырма жыл бойы елге Алтынбек қатты жетіспейді…» – деп түйіндеді Болат Әбілов.
