Freedom Inside '26

Жаңаөзен мұнайшылары белсенді Мұратбай Жұмағалиевті босатуды талап етті

Жаңаөзен мұнайшылары белсенді Мұратбай Жұмағалиевті босатуды талап етті
"Криминальный Казахстан" арнасынан

Жаңаөзендегі бір топ мұнайшы белсенді Мұратбай Жұмағалиевті қамаудан босатуды талап етіп, талап орындалмаған жағдайда жұмысты толық тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Жұмысты толық тоқтатамыз»

Әлеуметтік желіде тараған видеода мұнайшылардың бірі Жұмағалиевке қатысты қудалауды сынға алып, оның үстінен қозғалған іске күмән келтірген. Оның айтуынша, белсенді Астанаға емделуге бара жатқан кезде ұсталған.

– Жұмағалиев өзіне қарсы жасалып жатқан әрекеттерден кейін Астанаға емделуге бара жатқан. Сол кезде қалтасына есірткі салып, қамауға алды. Бұдан кім сақтандырылған? Бұл – біздің ескертуіміз. Егер Мұратбайды қамаудан шығармаса, ертең жұмысты толық тоқтатамыз, – деді жұмысшылардың бірі видеода.

Бұған дейін белсенді Мұратбай Жұмағалиевтің ұсталғаны белгілі болған еді. Әлеуметтік желіде тараған кадрларда оның ұсталу кезінде «бұл – арандату» деп айқайлап, «мұны қалтама салып жіберді» дегені естіледі.

Қандай бап бойынша іс қозғалды?

Белсендінің адвокаты Айгүл Айжарықова «Власть» басылымына берген пікірінде Жұмағалиевке қатысты аса ірі көлемдегі есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Оның сөзінше, іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Аталған бап санкциясы үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Айта кетейік, әзірге құқық қорғау органдары мұнайшылардың мәлімдемесіне және белсендінің өзіне тағылған айыптарға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.