Танымал әнші Әли Оқапов "Taboo" бағдарламасына берген сұхбатында жеке өміріндегі ауыр кезеңдердің бірін еске алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнер иесінің айтуынша, бір кездері жұбайы Еркемен арасы суып, екеуі мүлде араласпай кеткен. Дәл сол уақытта ол Еркені қаншалықты жақсы көретінін түсінгенін айтты.
"Ғашық екенімді ұрысып қалған кезде түсіндім. Екеуміз мүлде араласпай кеттік. Қазірдің өзінде балам мен әйелім Атырауда болса, олар кеткенде өмірімнің бояуы кетіп қалғандай болады. Үй тып-тыныш, ештеңе қызық емес. Сол кезде де дәл сондай күй кештім", – деді Әли Оқапов.
Әншінің сөзінше, оның көңіл күйіндегі өзгерісті анасы Роза Рымбаева байқап, жағдайын сұраған. Әли анасына Еркемен араласпай кеткенін, ажырасқандай күйде жүргенін ашық айтқан. Сол кезде анасы оған сабырмен кеңес берген.
"Анам: "Жарайды, балам, өзің білесің. Бірақ пікір ретінде айтайын, Ерке маған ұнайды. Ол сенің теңің сияқты", – деді", – деп еске алды әнші.
Осы сөздерден кейін Әли Оқапов гүл алып, Еркеге барғанын айтты. Ол жұбайынан кешірім сұрап, екеуі қайта татуласқан.
"Далада жаңбыр жауып тұрды. Біз татуластық, құшақтастық. Сол сәттен бастап өмірім қайтадан түрлі-түсті бояуға енді", – деді өнер иесі.