Астана қаласының мәслихаты елорданың бас жоспарына енгізілген өзгерістерді мақұлдап, болашақ халықаралық әуежай салынатын аумақты бекітті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы журналист Ерканат Көпжасарұлы Facebook парақшасында мәлімдеді.
Мәліметке сәйкес, мамандар жаңа әуежай үшін қаланың солтүстік-батыс бөлігіндегі, Шортанды бағытына қарай орналасқан және Астана – Көкшетау автожолына іргелес аумақты таңдаған. Аталған нұсқа көлік қатынасы мен болашақ инфрақұрылымдық даму мүмкіндіктері тұрғысынан ең тиімді деп танылған.
Жоспар бойынша жаңа әуежай Астана қаласының әкімшілік шекарасынан шамамен 48 шақырым жерде орналасады. Ал «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан әуе айлағына дейінгі арақашықтық 73 шақырымды құрайды.
Жоба елорданың көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға және алдағы жылдары жолаушылар ағынының өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, жаңа халықаралық әуежайдың салынуы Астананың транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық бағыттар желісін дамытуға қосымша серпін береді.
Қазіргі уақытта қолданыстағы Астана халықаралық әуежайы жолаушылар ағынының тұрақты өсуін бастан өткеріп отыр. Осыған байланысты жаңа әуе хабын салу мәселесі елорданың ұзақмерзімді даму жоспары аясында қарастырылуда.