Кәсіпкер Мұхтар Жәкішевтің қызы тұрмысқа шықты

Кәсіпкер Мұхтар Жәкішевтің қызы тұрмысқа шықты
фото: instagram.com/altjj_

Қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Жәкішева тұрмысқа шықты. Бұл туралы әлеуметтік желілердегі жазбалардан белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алтынай Жәкішева 1999 жылы дүниеге келген. Ол модельдік мансаппен айналысады, қазіргі уақытта Лондонда тұрып, жұмыс істейді.

Мұхтар Жәкішев – қазақстандық танымал кәсіпкер, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының бұрынғы басшысы. Ол 1963 жылы 28 маусымда Алматыда дүниеге келген. Мәскеу инженерлік-физика институтын инженер-физик мамандығы бойынша тәмамдап, кейін осы оқу орнында аспирантурада білімін жалғастырған.

Әр жылдары Жәкішев Butya, «Зангар» және «Алаутрансгаз» секілді компанияларда басшылық қызмет атқарған. Сонымен қатар Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі болған.

1998 жылдан бастап оның қызметі «Қазатомөнеркәсіп» жүйесімен байланысты болды. Ал 2002-2009 жылдары ұлттық атом компаниясын басқарды. Бұл кезең елдегі уран саласының қарқынды дамуымен есте қалды.

2009 жылы Мұхтар Жәкішев ұсталып, кейін бірнеше қылмыстық айып бойынша 14 жылға сотталған. Оның ісі қоғамда кең резонанс тудырған еді.

2020 жылдың наурызында ол шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығып, шамамен 11 жылын қамауда өткізді.

Мұхтар Жәкішев көпбалалы әке. Оның Айгерім, Айсұлу, Алтынай, Айдай және Айтөре есімді балалары бар. Ал 2023 жылы отбасында тағы бір қыз дүниеге келген.