Freedom Inside '26

Қытайлық компания SOS Балалар ауылына күн электр станциясын тарту етті

Қытайлық компания SOS Балалар ауылына күн электр станциясын тарту етті
Dala News

Астанадағы SOS Балалар ауылында Қытайдың Energy China корпорациясы қаржыландырған шатырлық күн электр станциясының ресми іске қосылу рәсімі өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шараға Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, қытайлық компаниялардың өкілдері, әлеуметтік ұйымдар мен балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысты.

Жоба аясында балалар ауылына қуаты 10 кВт болатын күн электр станциясы, энергия жинақтау жүйесі, зарядтау құрылғылары және күн батареясымен жұмыс істейтін көше шамдары орнатылды. Жоба құны шамамен 25 мың АҚШ долларын құрайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа жүйе мекеменің электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен жартысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь балаларға қамқорлық жасау екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін атап өтті.

«Балалар – мемлекеттің үміті, ұлттың болашағы. Сондықтан олардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсіп, сапалы білім алуына жағдай жасау бәріміздің ортақ міндетіміз. Қытайлық кәсіпорындар Қазақстанда тек бизнес жүргізіп қана қоймай, әлеуметтік жауапкершілікті де сезінеді. Біз балаларға қолдау көрсету арқылы олардың армандарына қанат бітіріп, болашаққа сеніммен қарауына үлес қосуды мақсат етеміз. Қазақстан мен Қытай арасындағы достық келесі ұрпақ арқылы жалғаса беретініне сенемін», - деді елші.

Іс-шара барысында қонақтар балалардың шығармашылық көрмесін тамашалап, тәрбиеленушілермен бірге арнайы интерактивті бағдарламаларға қатысты.

Energy China өкілдері бұл бастама қайырымдылық акциясымен ғана шектелмейтінін айтты. Компания Қазақстандағы әлеуметтік жобаларға қатысуды жалғастырып, экологиялық таза технологияларды енгізуге басымдық бермек.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Energy China бүгінде Қазақстанда жалпы құны миллиардтаған долларды құрайтын энергетикалық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып келеді. Компания күн және жел энергетикасын дамыту бағытында да бірқатар ірі жобаларды қолға алған.

SOS Балалар ауылының директоры Гүлнар Ускенбаева жаңа жоба тәрбиеленушілер үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

«Бұл біз үшін жай ғана техникалық жоба емес. Ең алдымен балалардың болашағына жасалған инвестиция деп қабылдаймыз. Күн электр станциясы коммуналдық шығындарды азайтып қана қоймай, тәрбиеленушілерге жасыл энергетиканың мүмкіндіктерін таныстыруға жол ашады. Бізге көрсетілген қолдау балалардың өмір сүру және білім алу жағдайын жақсартуға көмектеседі. Осындай серіктестік пен қамқорлық үшін барлық демеушілерге алғысымызды білдіреміз», - деді ол. 

Айта кетейік, SOS Балалар ауылы Астанада 2000 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мұнда ата-ана қамқорлығынсыз қалған және қиын өмірлік жағдайға тап болған ондаған бала тәрбиеленуде.