Мәжіліс депутаты әрі заңгер Абзал Құспан Антикордың бұрынғы төрағасы, бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа қатысты қозғалған қылмыстық іс жөнінде Pikir Media YouTube арнасына берген сұхбатында пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, Бас прокуратура істі Қожамжаровтың басшылық қызметте болған кезеңіндегі лауазымын асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша тіркеген. Алайда бұл іс күдікті елден кеткеннен кейін ғана қозғалғанын атап өтті.
“Қожамжаровқа қатысты қылмыстық іс қозғалды деген алғашқы хабар тараған кезде, пленарлық отырыстан шығып келе жатқанда журналистер осы туралы сұрақ қойған еді. Сол кезде бірден: “Бұған бөркімізді аспанға атып қуанудың қажеті жоқ”, - деп айтқанмын. Өйткені мен ол кісі туралы пікірімді билікте жүрген кезінде де, адвокат болып жүргенде де ашық білдіргенмін”, - деді ол.
Құспанның пікірінше, Қожамжаров құқық қорғау жүйесін басқарған кезеңінде сыбайлас жемқорлықпен шынайы күрес жүргізбеген. Керісінше, ол көптеген қазақстандық кәсіпкерлердің сотталуына себеп болған.
“Шынын айту керек, ол құқық қорғау саласының бірінші басшысы бола тұра, сыбайлас жемқорлықпен шынайы күрес жүргізбеді. Керісінше, көптеген жазықсыз қазақстандық кәсіпкерлердің сотталуына себепші болды. Қажет болса, адвокат болған кезімде берген сұхбаттардың сілтемесін де ұсына аламын. Сол кезде Қожамжаровқа да, Кексельге де қатысты нақты мысалдар келтіргенмін. Өкінішке қарай, көрші елдің тапсырмасымен біздің бизнесті тұншықтыру құралына айналды деген пікір айтқанмын. Әрине, қазір мұны эмоциямен қабылдайтындар бар, бірақ мен сөзімнен бас тартпаймын. Сол кезде де: “Қашан қолына кісен салынып, ұсталды деген хабар шықса, сонда ғана бұл шынайы жаңалық болады”, - деп айтқан едім. Арадан айлар өтті, бірақ әлі күнге дейін нақты “ұсталды, қамауға алынды, тергеу басталды” деген ресми хабар жоқ”, - деп қосты ол.
Депутаттың пайымынша, бұрын құқық қорғау және антикор органдарын басқарған тұлғаның қолында мемлекеттік қызметшілер мен саяси қайраткерлерге қатысты құпия мәліметтер болуы мүмкін.
“Бұл жағдай біреулерге тиімді болуы мүмкін деген ой келеді. Өйткені ол бұрын Бас прокурор болған, Антикор сияқты арнайы қызметті басқарған, әкім қызметін атқарған адам. Осындай лауазымдарда жүрген адамның қолында көптеген мемлекеттік қызметшілер мен саяси тұлғаларға қатысты нақты құжаттар мен дәлелдер болуы әбден мүмкін. Мемлекет саясатын жүзеге асыратын - нақты адамдар. Министрлер, комитет төрағалары, тергеу органдарының басшылары - бәрі де белгілі тұлғалар. Осындай жағдайда құпия мәліметтер мен құжаттар адамның "сақтандыру құралына" айналуы мүмкін”, - дейді ол.
Сұхбат барысында депутат мұндай жағдайлардың туындауына жоғары лауазымдарға тағайындау кезінде тиісті тексерулердің жеткіліксіз жүргізілуі де себеп болуы ықтимал екенін айтты.
“Бізде ауылдық округ әкіміне кандидаттың өзін түбегейлі тексереді: сотталған-сотталмағанын, өмірбаянын, саяси көзқарасын. Ал елдің құқық қорғау жүйесінің басына келетін адамға қатысты дәл сондай терең тексеру жүргізілуі тиіс еді”, - деп түйіндеді ол.
