Түркістан облысында түн ішінде 18 жастағы жігітті әкесінің көзінше атып кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға кешкі сағат 23:00 шамасында болған. Жәбірленушінің әкесінің айтуынша, баласын ауылдасы "арадағы мәселені сөйлесіп шешейік" деп кездесуге шақырған. Әкесі ұлымен бірге барған кезде оларды бір топ адам қоршап, қысым көрсете бастаған.
"10-15 бала жиналып тұр екен. Бір ауыз сөзге келместен, мені қоршап алды. Содан соң, машинадан бір зат алды. Дубинка болар деп қарап тұрғанымда, онысы пистолет болып шықты да, маған қарай оқ атты. Сол кезде мен еңкейіп қалдым. Екінші рет атайын деп жатқанда, оқ алдыма қалқан болып тұра қалған баламның ішіне тиді. Бүзақылар қашып бара жатқан жерінен Өзбекстан шекарасында ұсталды. Сол жерден оларды таңғы сағат 05:30-да арнайы жасақ қызметкерлері ұстап әкелді. Әке шешесі баланың хал-жағдайын сұрауға да келмеді", – дейді оқиғаның куәгері, жәбірленушінің әкесі Бахрамжан Шукуров.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жараланған жігіттің жағдайы туралы мәлімет берді.
"10 ақпан күні Сайрам аудандық орталық ауруханасына травматикалық қарудан атылған азамат жеткізілді. Алғашқы тексеру барысында оқтың дене қуысына өтпегені анықталды. Науқасқа қажетті диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлердің бақылауынан кейін жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, амбулаториялық бақылауға жіберіліп, үйіне қайтарылды", – делінген хабарламады.
Жәбірленуші тарап жанжалдың туындауына бозбаланың атастырылған қалыңдығына қатысты дау себеп болуы мүмкін екенін айтады. Қазіргі уақытта жас жігіт жеке клиникада ем қабылдап жатыр.
