Мәжіліс депутаттары Қазақстанда жасанды интеллектті қолдануды реттейтін заңды қабылдады. Құжатта адам құқықтарына басымдық беру, ашықтық пен ұлттық құндылықтарды сақтау басты назарға алынған. Заң жасанды интеллект жүйелеріне құпия ақпараттың таралуына шектеу қояды, эмоцияларды талдауға тыйым салады және дипфейктерді міндетті түрде белгілеуді енгізеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ChatGPT дегеніміз не?
ChatGPT – бұл жасанды интеллект технологиясына негізделген, адаммен табиғи тілде сөйлесе алатын ақылды тілдік модель. Оны OpenAI компаниясы жасап шығарған. ChatGpt бүгінде әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады. Ең белсенді пайдаланатын елдер қатарында: АҚШ , Канада, Ұлыбритания , Германия, Франция, Нидерланды, Италия, Үндістан, және т.б.
ChatGPT ресми түрде қолданылмайтын немесе шектелген елдер:
Қытай- OpenAI өнімдері ресми қолжетімсіз. Бірақ жергілікті баламалары бар.
Солтүстік Корея- толық тыйым салынған.
Иран, Сирия, Куба- халықаралық санкциялар мен интернет цензурасына байланысты қолжетімсіз.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жасанды интеллект адамның құқықтарын бірінші орынға қоюы тиіс екенін мәлімдеді. Алайда жасанды интеллект құқық субьектісі ретінде танылмайды, сондықтан оның көмегіне жүгінгендер барлық шешімдер үшін жауапкершілікті өздері көтереді.
«Заң жобасында жасанды интеллектті қолданудың негізгі этикалық қағидаттары бекітілген. Олардың қатарында- адам құқықтарының басымдығы, еңбек қауіпсіздігі және ашықтық бар»,- деді ол.
Дипфейктермен күресу мақсатында заң синтетикалық контентті «адамға түсінікті түрде» арнайы белгілеуді міндеттейді. Сондай-ақ, жасанды интеллект қолданылатын қызметтер көрсетілгенде немесе тауарлар сатылғанда, тұтынушылар бұл туралы алдын ала хабардар етілуі тиіс.
Оның айтуынша, қазіргі кезде ең өзекті мәселелердің бірі- қызметтік және құпия ақпараттың нейрожүйелер арқылы сыртқа таралуы. Осыған байланысты,ашық жүйелерді қолдануға ақпараттық қауіпсіздік талаптары тұрғысынан қатаң шектеулер қойылатын болады- деп атап өтті.
Эмоцияларды талдауға тыйым
Заңға сәйкес, әрбір адам жасанды интеллект қалай жұмыс істейтінін білуге, әрі оны пайдаланудан бас тартуға құқылы болады.
«Адамның мінез-құлқын басқару, эмоцияларын пайдалану, әлеуметтік бағалау жүргізу және жеке деректерді рұқсатсыз жинау сынды функцияларды бар жүйелерге қатаң тыйым салынады»- деді Екатерина Смышляева.
Депутаттың айтуынша, ел ішінде- яғни сыртқы жүйелерге қосылмай, жабық контурда жұмыс істейтін жасанды интеллект жүйелеріне ерекше назар аудару қажет. Себебі бүгінде нейрожүйелер балалар мен жастар арасында аса танымал болып барады. Олар үшін чат- боттар кеңесшіге, досқа, тіпті пікірлес серікке айналып үлгерген.
«Бүгінгі таңда бұл жүйелер балалар мен жасөспірімдер арасында өте танымал. Олармен сөйлесетін чаттар жастарға кеңес беріп, сырлас дос, тіпті рухани жолсерікке айналуда.Алайда, бұл модельдер жаһандық- көбіне коммерциялық және саяси бағыттағы – деректер негізінде оқытылған.Олардың ішінде біздің ұлттық құндылықтарымыз бен дүниетанымдық бағдарымыз жоқ. Бұл – елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар мәселе»,- деп атап өтті депутат.
Авторлық құқық және жасанды интеллект
Жаңа заңға сәйкес, адамның қатысуынсыз, толықтай жасанды интеллект жасаған туындылар авторлық құқықпен қорғалмайды. Яғни, егер адам өз шығармашылық еңбегін қоспаса, мұндай контентке құқықтық иелік те пайда болмайды.
Сонымен қатар, пайдаланушылардың шығармашылық сипаттағы сұраныстары, мысалы, жасанды интеллекте берілетін бірегей тапсырма формалары (яғни «промпттар») авторлық қорғауға ие болуы мүмкін.
«Жасанды интеллект моделін үйрету үшін қандай да бір шығармаларды пайдалану- тек автор немесе құқық иеленуші машиналық оқуға тыйым салмаған жағдайда ғана рұқсат етіледі»- деді депутат.