Әкім де, прокурор да, полицей де бәрі “пара алып жатып” ұстала қалады. Жемқорлықпен күрес агенттігінің мықтылығына қайран қала жаздайсың. Тамаша жұмыс істеп жатқандай-ақ, таңдай қақтырады.
Бірақ, бәрі болмаса да, ішінара арандатушылық та қылаң беріп қалатын секілді.
Әйтеуір, қалай да бір жемқорды тауып құрықтау керек деген науқаншылықтың құрбаны болып кететіндер де қосақ арасында бос кетіп, жазықсыз жапа шегіп жатқан жоқ па екен деген де күмән бар.
Бұл туралы биік мінберден де айтылып жатады екен.
Мысалы, ҚР Сенат төрайымы Дәриға Назарбаева: "В этой связи Сенату при принятии законов необходимо обеспечить решение следующих вопросов. Повышение гарантий защиты прав граждан. Должна быть усилена ответственность сотрудников правоохранительных органов или специальных государственных органов за провокационные действия, (должен быть. - Прим.) установлен запрет на привлечение к уголовной ответственности и осуждение только лишь на основе свидетельских показаний и неподтвержденных достаточной совокупностью достоверных доказательств.
Введение административной юстиции, обеспечение толкования всех противоречий в законодательстве в пользу граждан и бизнеса, создание для них равных условий во взаимоотношениях с государственными органами. Расширение самостоятельности и ответственности районных, городских и сельских уровней власти при решении социально-экономических задач местного значения", - дейді.
Расында, өткен жылдың аяғында дәл осындай жағдайдың қоғам өмірінде бар екендігін өзім қатысқан бір сот процесінде көзбен көрдім.
Ақмола облысы Қорғалжын ауданының прокуроры болған “Болашақ” бағдарламасымен шетелде білім алған заңгер Дулат Оразалыұлы Омардың сотына қатыстым.
Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр аудандық сотында К. Имашевтың төрағалығымен өткен сотта көптеген дерек-дәйектердің шикілігіне қарамастан судья оны 4 жылға бас бостандығынан айырды.
Қорғалжын аудандық прокуратурада басшылық етіп жүрген Дулат Омарды пара алды деген күдікпен істі ету үшін Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің ұйымдастырған операциясының өзі қылмыскерді құрықтаудан гөрі кінәсіз жанды қалай да арандатып, тек орға жығуды ғана көздегендей сипатта жүзеге асырылғаны көрініп тұрды.
Оған Дулат Омардың екі бірдей қорғаушысы М.Мүталиев пен С.Өмірқұлов та жеткілікті дәлелдемелер ұсынды.
Қаншама ұсыныстар жасады. Сот жиналысы барысында оған төрағалық етуші судья барлық уәждерге құлақ асып отырғандай көрінген. Алайда, жеме-жемге келгенде мемлекеттік айыптаушының ығына жығыла салғандай әсер қалдырды.
Адвокаттар атап көрсеткендей, “дәлелдерді бұрмалау, қызметтік жалған құжат жасау, заттық айғақтарды жою, пара алды деп арандату, процессуалдық тәртіп бұзушылықтардың көптігін” және “шағымданушы тарапынан жалған куәгерліктің болғаны айқын көрініп тұрғанына қарамастан” сот сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қылмыстық әрекетін бүркемелеуге тырысқандай-ақ, Дулат Омарды төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраған мемлекеттік айыптаушы жақтап шықты.
Ендігі, кезекте қалалық сот пен Жоғарғы сот бұл іске қатысты аппеляциялық арызды қалай қарайтыны қызық болып тұр. Аудандық соттың ығына жығыла сала ма, әлде, істің шикілігін анықтап, арандатушылыққа тосқауыл жасай ма? Оны уақыт көрсетер.
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
журналист