«Қазақ халқы бақытты халықпыз. Неге десеңіздер, бізде Бибігүл Төлегенова бар. Концертте Құрманғазы оркестрі болсын, симфониялық оркестрі(ң) болсын, барлық жерде шығып жатыр. Сол сияқты, мысалы мен мың да бір рахмет айтар едім, Мырзатай Жолдасбеков ағамыз, керемет академик, өзінің 9 мың кітабын біздің Ұлттық кітапханаға сыйлады. Сол сияқты көп жалғасын айтуға болады. Асанәлі Әшімов болсын, спорт саласында Ольга Шишигина, Серік Сәпиев, жаңағы Жақсылық Үшкемпіров, жақында 60 жылдығын... Илья Ильин, мақтанышпен айтуға болады. Сол сияқты азаматтардың барлығы осы жолдауды насихаттауға өз ниеттерімен іске асып жатыр...».
Мұндай сөз саптаудан Сіз нені түсіндіңіз? Бұл кімнің сөзі деп ойлайсыз? Егер мұны әлдебір ауылдағы Мәдениет үйінің, яки спорт мекемесінің басшысы айтса, түсіністікпен қарайтын едік. Ал бір елдің білдей Мәдениет және спорт министрі айтты дегенге сенесіз бе? Басқа елде дәл осындай жауапты қызметте отырғандар бұлай сөйлер болса, күлкіге қалар еді және «өз еркімен» жұмыстан кетер еді... Біз де керісінше, қазақ тілін қорлау, білсе де дұрыс сөйлей алмау, сақаулық пен шүлдірлік, «быды-быдылық» кең өріс алған. Ешкім оған таңданбайды... Осы аптаның басында «Қазақстан» телеарнасының кешкі жаңалықтарында белгілі журналист Мейіржан Әлібекұлына тікелей эфирде сұхбат берген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай деді. Біз не дерімізді білмей дал болдық. Бірдің басын, бірдің аяғын шатып-бұтқан Министр мырза, сірә, не айтқысы келді деп артынан арнайы интернетті ақтардық. Сөйтсек, «Президент Жолдауын түсіндіруге өнер қайраткерлері мен спортшылар қалай атсалысады?» деген сыңайдағы сұраққа осылай жауап беріпті. Енді, түсінікті. Сенбесеңіз, Сіз де қайталап оқыңыз!
Жоғарыдағы сөйлемді жіліктеп талдар болсаңыз, Министріміздің ана тілінде сөйлей алмайтын адам екенін (өзі қазақтілділер санатында болса да) байқайсыз. Ауызекі сұхбатта айтылды деп ақтасақ та, дәл мұндай сөйлеу мәнері үшін кем дегенде Мәдениет саласын басқаруға құқы жоқ екенін түсінуіміз керек.
Қазақстанды кім масқаралап жүр?
Біздің көкейімізден осы сұрақ кетпейді. Бұдан біраз бұрын министр Арыстанбек Мұхамедиұлы елді «масқаралайтын» біраз фильмді көрсетуге тыйым салған еді. Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» атты фильмі мен Әділхан Ержановтың «Қожайындар», «Риэлтор» секілді нақты өмірді шынайы әрі көркем тұрғыда суреттеген фильмдерін елге көрсетуге болмайтынын, бұлар қазақты, Қазақстанды масқаралайтын фильмдер екенін мәлімдеген еді. Тіпті, ол мұндай фильмдер ел үшін негатив (өз сөзі) туғызатынын да айтып салған. Арыстанбек мырзаның айтқанына жүгінсек, қазақ фильмдері тек қана жетістікке жеткендер мен барлық қиындықты еңсергендер туралы болуға тиіс. Өзі Үндістанның бірнеше киносын мысалға келтіріпті. Ол кинолардың деңгейі қандай? Кәдімгі пафос. Өтіріктің шылауына байланған, үнділік фальшқа толы дүниелер. Демек, Мәдениет министрінің өнерден, өнердегі көркем шындықтан ада жан екенін білу қиын емес (Соңғы кездері Үндінің мағынасыз, сағызша созылған, кришнаиттық діни танымды үгіттейтін сериалдары экранымызды жаулап алды. Министріміз соларды үлгі етсе, оларды телеарналар жамырай көрсетпегенде, қайтсін?! Бұл бөлек әңгіменің жүгі).
«Қазақстанды масқаралау» жайында режиссер Әділхан Ержанов былай деген еді:
«Министр минуттық эмоцияның күшімен айтты деп үміттенемін, бірақ сол эмоцияның қайдан шыққанын мен біле алмаймын. Екіншіден, министр классиктердің шығармашылығына қарап көруі керек деп ойлаймын. Мәселен, Абайды алайық, министрдің мәлімдемесінің логикасына салсақ, ол да халықты масқаралайды. Үшіншіден, «Қожайындар» фильмінің арқасында Каннда көтерілген Қазақстан туы да мәдениетіміздегі шенеуніктердің ойынша, елімізді масқаралаған. Төртіншіден, кинематографиядағы шындықтың жоқтығы халықты масқаралайтынын мойындау керек. Шығармашылық елді масқараламайды, Испания рыцарін әжуалаған Дон Кихот та, қаңғыбастар мен жезөкшені түсірген Пазолини де Италияны масқаралаған жоқ». Біз режиссердің сөзіне ештеңе алып-қоса алмаймыз. Министріміздің білім деңгейін режиссер анықтап берген секілді. Мұны түсінер жан болса...
Нағыз масқара ол емес, одан бұрын, Алматыда ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өткен кезде дүйім жұрттың, миллиондаған адамдардың көз алдында болды... Ұмытпаған шығарсыздар, қазақтың қабырғалы азаматы Илья Ильин алтынды қанжығалап, марапаттау кезінде Қазақтың Әнұранын шырқап тұрған болатын. Осы мезетте министр Арыстанбек ұялы телефонын қолына алып, шаршы алаңда арлы-берлі жүгіріп жүрді. Әлемнің түкпір-түкпіріне тікелей эфирде тарап жатқан осы шара ның ең бір қызған шағында ұялы телефонын әлсін әлі Илья Ильиннің қолына беріп, сөйлес деп нұсқағаны, одан шыжақ болып, ары-бері жүгіргені жалпақ әлемге жария болды. Кейін дәл осы кезде Елбасының Илья Ильинді құттықтауға телефон шалғанын айтып ақталды. Мейлі, кім болса да, Әнұранның шырқын бұзуға қақысы жоқ! Одан гөрі елмен бірге өзі де оң қолын жүрегінің тұсына қойып, мемлекеттік гимнге құрмет білдіруі керек еді. Оның үстіне, бұл кісі Мәдениет саласын басқарып отырған министріміз ғой...
Біздің Дон КИХОТ
Жо-жо-жоқ, тура мағынасында ойламаңыздар, романдағы Дон Кихоттың ойы таза, сәл алаңғасарлау демесеңіз, жетістікке жету үшін талпынатын қарапайым жан. Бірақ үнемі күлкіге қалып жүреді. Оны ел, елді ол түсінбей жатады. Ал бұл кісі керісінше, болмайтын жерде сүрінеді де жүреді. Әсіресе, Президент Назарбаевтың алдына барғанда не айтқанын өзі де, ел де, Президент те түсінбей, дал болады. Осыдан жарты жылдай бұрын ЭКСПО туралы Президент арнайы жиын өткізген еді. Сонда Президент сұрағына Арыстанбек Мұхамедиұлының не деп жауап бергені әлі талай елдің аузында жүр. Бірдің басын, бірдің аяғын айтып, «өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз» деген еді. Сондағысы Италияның Ковент-Гарден театрының артистерін ЭКСПО-ның ашылу салтанатына, Ла-Скала театрының ұжымын жабылу салтанатына шақырмақшы екен. Осы ойын дұрыс жеткізе алмай, быдырықтап, бір сөзді беске бөліп, әзер айтқан. Президент бірден кесіп айтты: «Өзіміздің өнерпаздарды көрсетуіміз керек. Шетелден келгендер біздің мәдениетімізді көруге келеді».
Одан кейін тағы бір маңызды жиында Президент Арыстанбекке қарата:
– Әй, Арыстанбек, айтшы, 550 жылдың ішінде, қазақ дәл осылай өмір сүрді ме? – деген болатын.
«Сондағы Арыстанбектің айтқан сөзі» мынау болды:
– Енді, Нұрсұлтан Әбішұлы, шынын айтқанда, бақытты кезде өмір сүріп жатырмыз ғой.
– Сен сұрағыма жауап берсеңші?
– Тәуелсіздік сіздің арқаңызда...
Жоғарыдағы секілді быды-быды бірдеңе...
Мән жоқ, мағына жоқ, тек жағымпазданудың озық үлгісін жетік меңгерген. Шындығына келсек, оның өзін дұрыс меңгере алмаған... Өзге тілі майда атқамінерлер мұндайда тігісін жатқыза, майын тамызып айтар еді.
Осы біздің шенеуніктер Президенттің алдында неге сонша сасқалақтап, дегбірі қашып, «аузынан сөзі түсіп» сөйлейтініне таңмын. Басқа елдің президенттері әртүрлі деңгейдегі шенеуніктерін қабылдайды. Олар қойылған сұраққа нақты әрі тиянақты етіп жауап береді. Біздің Дон Кихоттарымыз тым көп. Олардың көшбасшысы... Мәдениет саласын басқарады. Бұл да қоғамдық үрдіске айналған Дон Кихоттық.
Арыстанбектің «ауыс-түйістері»
Арыстанбек Мұхамедиұлы Министрлікке келгелі бері барлығын сапырылыстырып жіберді. Театр, кітапхана, мұражай басшыларын «оңды-солды ауыстырып жатыр» деген ақпарат ел арасында гулеп жүр. Солардың деніне өзінің сөзін ұғатын, қарсы уәж айтпайтын, айтқанын бұлжытпай орындайтын можантопай таныстарын отырғызғанын да жұрт жыр қылып айтады.
Әуезов театрының экс-директоры Еркін Жуасбекті дәл 50 жасқа толған күні қызметінен алды да, орнына актер Ерлан Біләлді тағайындады. Мұнысын әр саққа жүгірткендер көп.
Ал Мүсірепов театрының директоры етіп Сәбит Әбдіхалықовты тағайындады дегенде, таңғалмаған адам аз. Білдей театрдың басшылығына Сәбит секілді әзілкеш, сайқымазақшыл адамды неге тағайындады? Әлі күнге түсініксіз. Досына қарап, кім екенін танитын халықпыз ғой. Сәбиттің деңгейін, істер ісі мен тірлігін білетіндер «Мүсірепов театры мүйіз сұраймыз деп, құлақтан айырылды» деп жүр. Театр ұжымы бұдан бұрынғы директоры Талғат Теменовті шулап жүріп, орнынан алдырып тастаған еді.
Қазір өнер саласынан мамандар даярлайтын оқу ордалары түгелдей Мәдениет және спорт академиясына қарайды. Кейбір ақпарат көздері өнер институттары мен университеттерінде бей-берекеттілік көбейгенін айтып жүр. Министрдің Алматыдағы Өнер академиясының ректоры кезінде оқу ордасындағы келеңсіздіктер туралы ара-тұра ақпарат шығып қалатын. Қазір бұл үрдіс тіпті де күшейді деушілер көп. Әсіресе, студенттерді қабылдайтын сынақ емтихандары, магистранттар мен докторанттарды қабылдау кезінде «қып-қызыл сауда» жүретінін айтушылар да табылып жүр.
Айтпақшы, жуырда «Қазақфильмде» өткен бір жиынның жасырын жазылған аудиосы тарап, онда министр Арыстанбектің дауысына ұқсайтын кісінің жиналғандарға «ақшаны қалай пайдалану, есепті қалай жабу» керектігі жөнінде «ақыл үйреткені» интернетті біраз шулатып еді. Кейбір сарапшылар мұндай аудиолар арқылы «жемқорлыққа қарсы қылмыстық іс» қозғауға болады дейді. Кім білген, бізде бәрі де басқаша ғой.
P.S. Министріміз айтпақшы, біз шынымен де «бақытты халықпыз». Неге десеңіздер, бізде Арыстанбек бар... Ол білдей Мәдениет және спорт министрі.
Ержан ҚАМАЛБЕКОВ