Ол туралы: 2012 жылдың 20 қаңтары мен 2013 жылдың 20 желтоқсаны аралығында Арын Павлодар облысын басқарды.
2014 жылдың 4 наурызында 23 млн. теңгені қалтасына басты деген айыппен қамауға алынған болатын. Бұл қаржыны 2013 жылы «ENRC Kazakhstan» ЖШС Керекуді көркейту үшін демеушілік мақсатта облыстық бюджетке бөлген екен.
Айыбы: Арынға тағылған айып та бұдан бұрын пара алып, басы істі болған шенеуніктерге ұқсас. Қызметін асыра пайдаланған, яғни, жеке басы үшін. Оған тағылған 10 айыптың 8-і дәлелденген жоқ. Өзге екеуінде сот Арынды алаяқтық жолмен 1,6 млн теңгені жымқырды, пара алды және қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастырды деп айыптады. Соттың шешіміне сай Арын «Құрмет» және «Парасат» орденінен айырылды.
Шешімі: Ол 3 жылға шартты түрде сотталды. Соған байланысты Керекудегі коттеджінен алысқа ұзап шығуына болмайтын еді. Сонымен қатар алдағы 5 жыл бойына мемлекеттік қызметке маңайлай алмайды.
Қазір қайда жүр?
Бұл көптің көкейіндегі сауал. Естуімізше, Ерлан Арын жұмысқа тұрған. Павлодар облысының экс-әкімі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қарасты «Еуразия» орталығының бас ғылыми қызметкері болып тағайындалыпты. Айлығы университет қабырғасында жұмыс істейтін мұғалімдердің штаттық жалақасына сай.
Университет басшылығының айтуынша, Арын студенттерге сабақ бермейді және оқытушылар құрамына кірмейді. Ал аталған орталықтың негізінен Еуразия тақырыбын, конфессияаралық қатынастарды, сонымен бірге түркі халықтарының тарихы және мәдениетін зерттеумен айналысады екен.
«Қала мен Дала»