Мұнай өндірушілер ілеспе газдың өндірісін құрып, өңдеуге мүдделі емес
Газға қатысты мәселе соңғы жылдары БАҚ беттерінде жиі көтеріліп келеді. Республикада газ тасымалдауға арналған инфрақұрылымының төрттен үші тозған. Желілерді пайдаланудың мерзімі 50 жылдан асып кетті.
Соңғы жылдары газ саласының мамандары және елдегі ірі газ құбырларына иелік ететін ұлттық оператор бұл проблемаларды жиі көтеріп келеді. Сарапшылар мұндай ескірген инфрақұрылыммен алға қарай даму мүмкін емес айтуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласының мамандары көптен бері көтеріп келген негізгі проблемаларға кеңінен тоқталды. Тиісті мемлекеттік органдарға қадау-қадау тапсырмалар да жүктеді.
Өйткені газ саласының еліміз үшін де, әлемдік энергетика жүйесі үшін де маңызды екенін жетер жеріне дейін жеткізіп айтты. Халық газды жылдан жылға көп тұтынуда. Бірақ көгілдір отынды өндіру қарқыны оған сәйкес келмеуде. Өнеркәсіптер өндіріске газды қолданса, сол сияқты баспанасын газбен жылтқысы келетін халықтың да саны артып барады.
– Тәуелсіздік жылдары көмірсутегі шикізатының негізгі көздері мұнай кен орындарына тиесілі болды. Газ кен орындарын барлап, игеруде, соның ішінде, Каспий активтері бойынша іс жүзінде алға жылжу жоқ. Сондықтан газдың ресурстық базасын геологиялық барлау жұмыстары арқылы кеңейту Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры үшін саланы дамытудың негізгі басымдықтарының бірі болуға тиіс. Ішкі газ нарығындағы баға белгілеу ісін жетілдіру негізгі мәселе. Өңірлерді жаппай газбен қамтамасыз ету газды тұтыну көлемінің артуына әкеп соғады. Соңғы бес жылда ішкі нарықтағы газ 40 пайызға, яғни 12 ден 17 миллиард текше метрге дейін артты. Осы ретте Қазақстандағы газдың бағасы ТМД елдерінің ішінде ең төменгі деңгейде қалып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Газ саласын дамытудың ең ұтымды құралы – инвестиция тарту. Ол үшін қаржы тартуға деген құлшыныс пен инвестициялық тартымдылық жетіспей отыр. Президенттің айтуынша, пайдалы қазбаларды игерушілер газ өндірісі мен газ өңдеу қуатын арттыруға аса мүдделі емес. Тоқаев «неге» деген сұрақты төтесінен қойды. Үкімет мүшелеріне газ өндірісіне сырттан қаржы тартуды тапсырды.
«Самұрық-Қазына» қорының басшысы геологиялық барлаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі бүкіл жұмыстарды негізгі оператор «ҚазТрансГаз» компаниясы толықтай атқарып отырғанын баяндады. «Ендеше жаңа кен орындарында пайдалы қазбаларды игеруде басымдық аталған компанияға берілсін» деді Президент.
– Үкімет «ҚТГ» ұлттық операторына мұндай құқық беру үшін тиісті шарттарды мұқият зерделеуі қажет. Газ кен орындарына қол жетімділікті монополияға айналдырмау аса маңызды. Үкімет тәуелсіз инвесторлардың дербес барлау жүргізуіне және газ кен орындарына қатысты әзірлемелер дайындауына жағдай жасауға тиіс.
Газ компанияларының вертикальді үйлесім бойынша жұмыс істеу тұжырымдамасы сәтті жүзеге асырылған жағдайда Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 2022 жылы «ҚазТрансГаз» компаниясын IPO-ға, соның ішінде, халықтық IPO арқылы шығару мүмкіндігін зерттеуі қажет. Бұл қаржы нарығын айтарлықтай жандандырады және азаматтардың еліміздегі газ байлығының бір бөлігін иеленуіне септігін тигізеді, – деді Президент.
Газ қоры көр Ресейде көгілдір отынның құны бізден 48 пайызға қымбат
Қазақстан газға ең арзан баға белгілеп отырған елдің бірі. Сондықтан көгілдір отын құны төмен болған сайын, ысырапшылдық та тоқтамауда. Елде 2010 жылдан бері ішкі нарықтағы табиғи газды пайдадану көлемі өсе түскен.
Газ кәсіпорынның мамандары көгілдір отынды тұтыну 91%-ға жеткенін айтады. Тиісінше елде үнемшілдік мәдениеті мен газға деген жанашырлық таптырмайтын қасиетке айналып барады. Мемлекет пен газ саласының негізгі операторы ауылдар мен қалалар, солтүстік облыстар және жаңа өндірістерге газ жеткізу керек дегенді ұрандата жүріп, табиғи газбен қамтамасыз ету деңгейін біршама көтере алды.
Маңғыстау облысында 1 мың текше метр газдың құны 9 961 теңге, жер үйі бар абонент бір жылда 6 мың текше метр газ жағады. Аймақта жыл он екі ай ауа райы жылы болатынын ескерсек, бұл өте көп. Ал алты ай қыс, шыңылтыр аязы бар Қостанай облысында газдың бағасы 135%-ға қымбат. Мұнда1 мың текше метр газ 23 405 теңге, яғни 2,5 есеге қымбат деген сөз. Соған қарамай, мұндағы тұрғын орташа алғанда бір жылда 3,2 мың текше метр ғана газ тұтынады екен. Екі ортада, газдың арзандығынан ысырап көбейіп, әлемдегі ең құнды отынды ауаға жағып жіберу белең алды, дейді мамандар.
Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Қазақстанда 1 мың текше метр газ үшін баға $50, ал әлемде газды экспорттау жөнінен бірінші орын алатын Ресей Федерациясында көгілдір отынның 1 мың т.м. $74.
Айта кетсек, Қазақстан мен Ресей арасындағы газ саласына қатысты байланыстардың лайықты дамуына «ҚазРосГаз» мекемесі өз үлесін қосып отыр.
Газдың қоры бойынша көшбасында тұрған Ресейде газ бағасы бізге қарағанда 48 пайызға қымбат. Ал осы отынның түрі бойынша қоры көп Өзбекстанда да баға жоғары, дейді мамандар. Бұл елде қарапайым тұтынушы үшін газ арзан болғанымен заңды тұлғаларға 1 мың текше метрін $94 сатады, біздің елдегі өндіріс ошақтарына беретін бағадан 57 %-ға жоғары болып отыр.
Тұтынушылық деңгейі өте жоғары Қытайда да газ арзан емес. Бізден сегіз есеге қымбат. Қытай компаниялары 1 мың т.м. газды $ 400 сатады. Бұл деректерді төмендегі кестеден көруге болады.
Бұған дейін өңірлер бойынша газ тарифын реттеу және халықты қол жетімді газбен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын, сондай-ақ, жұмысы газ бағасына тікелей байланысты экономика салаларын жүйелі түрде қорғау мақсатымен баға белгілеудің түсінікті әрі жаңа ашық моделі қажет. Үкіметке 1 қыркүйекке дейін аталған мәселенің әдіс-тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.