Сағынтаев Түрксіб ауданындағы абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарымен танысты

Dalanews 18 мау. 2021 13:39 806

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында Түрксіб ауданында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың, жолдардың құрылыс қарқынынмен, ШОБ дамуымен және қоғамдық кеңістіктерді абаттандырумен танысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сейфуллин даңғылының бойында жеке инвестицияның есебінен 590 орынды мектеп салынуда. Заманауи стандарттарға сай салынып жатқан жалпы білім беру мекемесі жаңа оқу жылына дайын болады.

Жақын жерде «Шұғыла» кинотеатры бар, оның иесі әкімге аумақты реконструкциялау және абаттандыру жобасымен таныстырды. Бақытжан Сағынтаев мұнда аудан тұрғындары үшін жаңа әрі тартымды демалатын орын болатынына назар аударды.

Қала әкімі 300 орынға арналған №170 мектептің жаңа корпусының құрылыс барысын тексерді. Қолданыстағы ғимаратты жөндеу жоспарланған. Салынып жатқан жеке және қалалық мектептерді қоса есептегенде Түрксіб ауданында оқушы орнының тапшылығы айтарлықтай төмендейді.

Бірақ Бақытжан Сағынтаев ауданда халықтың өсуін ескеріп, жаңа білім беру мекемелеріне жобалар әзірлеу қажет екенін айтты.

Қала бизнесмендері спорттық инфрақұрылымды дамытуға қатысуда. Айталық, «Жұлдыз-1» шағын ауданында жекпе-жек, көркем гимнастика, жаттығу, тренажер залдары, топтық фитнес аймақтары, 25 метрлік бассейні бар көпфункционалды спорт кешені салынуда.

Бақытжан Сағынтаев кешенді кеңейту жоспарларымен танысты және шеткі шағын аудандарда осындай ықшам денешынықтыру-сауықтыру орталықтарын салу қажеттілігіне назар аударды.

«Жұлдыз» жаңа демалыс орталығын аралап көрген соң қала әкімі осындай жобаны барлық аудандарда жүзеге асыруды тапсырды. Мұнда жұмыс спорттық, мәдени-ағартуды дамыту бағыттарында жүруде. 100-ге жуық бала үстел теннисі, шахмат және дойбы, тоғыз құмалақ, бейнелеу өнері, күрес, би және музыка үйірмелеріне  қатысуда.

Аудан әкімдерінің алдына қойылған басты міндеттердің бірі ШОБ дамыту және жұмыс орындарын құру болып табылады. Бақытжан Сағынтаев «Интер мульти сервис» гофрокартон зауытында болды.

Мұнда картон шығаратын жаңа желіні толық іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Өндіріс қуаты бойынша жылына шамамен 2,3 мың тонна өнім шығару көзделген. Зауытта 140 адам жұмыс істейді, жаңа өндірістік желі іске қосылғаннан кейін 30 жаңа жұмыс орны ашылады.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевты VIVA Pharm фармацевтикалық зауытында өндірістік циклмен және шығарылатын дәрі-дәрмектердің ассортиментімен таныстырды. Зауытта 157 жұмыс орны құрылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 48 атаулы 2 миллионға жуық қапталған дәрілер препараттарын өндірді.

Бүгінде дәрілерді Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттау  жолға қойылған, енді ресейлік нарыққа шығу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Алатау» ИТП АЭА аумағында дәрі-дәрмек шығаратын жаңа зауыт салу жөніндегі  инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Бақытжан Сағынтаев «Қайрат» шағын ауданындағы жол құрылысының сапасы мен қарқынын тексерді. Шағын ауданның 78 көшесінде сумен жабдықтау және су бұрудың инженерлік желілері тартылған. Көшелерді дайындау және асфальттау жұмыстары жүруде.

Мегаполис әкімі ауданның қоғамдық кеңістіктерін абаттандыру жобаларымен де танысты. №32 мектептің артында «Бюджетке қатысу» жобасы аясында балалар және футбол алаңдарын, streetball, workout алаңдарын салуға дайындық басталды. Мұнда сыртқы жарық орнатылып, қоқыс жәшіктері, орындықтартар қойылады. Аумақ көгалдандырылады.

Сондай-ақ, «Бюджетке қатысу» бойынша Айша Бибі, 357 көшесінің бойындағы қараусыз жатқан жерде спорт алаңының құрылысы басталды. Мұнда мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған ойын алаңы, жүгіру жолы, футбол алаңы, воркаут алаңы жасалады. Аумақ көгалдандырылады әрі абаттандырылады.

Алтай-1 шағын ауданында бірнеше ауланы біріктіретін аралық жаяу жүргіншілер аймағының құрылысы басталады. Жобада қалалықтардың демалатын орындары, балалардың ойын кешендері мен спорт алаңдары, сыртқы жарық желілерін орнату, тротуар жолдары және аумақты көгалдандыру көрініс тапқан.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар