19 қазан – құтқарушылар үшін тарихи дата. Өйткені, 1995 жылдың дәл осы күні Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихында ведомство бірнеше рет мәртебесін өзгерткенін білеміз, бірақ 2020 жылдың қыркүйегінен бастап Мемлекет басшысының Жарлығымен Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамындағы жеке құрылымға айналды.
«Ішкі істер министрлігінің құрылымын негізгі емес функциялардан босатып, қайта қарау қажет, бұл маңызды ведомство жұмысының тиімділігін арттырады. Біз табиғи және техногендік апаттар дәуіріне аяқ басқанымызды ескере отырып, Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет деп есептеймін», - деп тапсырған-ды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қатарында өрт сөндірушілер, құтқарушылар, ұшқыштар, дәрігерлер, психологтар, кинологтар бар. Олар төтенше жағдайларды жояды, өртті сөндіреді, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізеді, адамдар мен жануарларға көмек көрсетеді, материалдық шығынды барынша азайтады. Тек осы бағыттарда қызмет етеді, тер төгеді, барын салады.
Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында, әсіресе, 1995-2021 жылдары Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару қызметтері 1,5 миллионға жуық шақыруды жүзеге асырды. Олардың қызметінің, кәсібилігі мен тиімділігінің арқасында 400 мыңға жуық адам құтқарылды, 353 мың қазақстандық төтенше жағдай аймақтарынан эвакуацияланды, 61 мың зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді. Қауіпті жағдайлардан тірі және жарақатсыз шығу үнемі мүмкін емес. Осы күзге дейін құтқару қызметінің 64 қызметкері қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан.
Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған 2020 жылы бұл мамандық өкілдері үшін шынында да ауыр болды. Адамдарға пандемия және карантиндік шектеулер, өрттер мен су тасқындары, қар көшкіндер мен жарылыстар, өндірістік апаттар, автомобиль жануы оқиғалары болды. 14,6 мың төтенше жағдайдан келген шығын 5 миллиард теңгеден астам соманы құрады.
«Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің бұзылуынан да айтарлықтай материалдық шығын келтірілді. Салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданының бес елді мекені зардап шекті, бұл шамамен 6 мың адамға жетіп жығылады. Олардың барлығына дер кезінде материалдық көмек көрсетілді. Жаңа мектептер, ауруханалар мен тұрғын үйлер салынып, жаңа инженерлік инфрақұрылымдар мен жолдар төселді. Түркістан облысында төтенше жағдайларды жоюға үкімет резервінен 16,8 млрд теңге бөлінді», - деген-ді сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Жалпы, экс+шенеуніктің мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанда төтенше жағдайларды жоюға 44 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.
«Мен бала кезімнен құтқарушы болуды армандадым, - дейді Астана қаласының №5 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Егор Слатин. – Ол кезде бойымда сондай қорқыныш жоқ. Салқынқандылықпен жұмыс істеу керек дегенді миыма кіргізіп алғанмын. Өйткені қорқатын болсаң, дүрбелең кезінде, тек өзіңе зиян келтіресің. Бірнеше жылдың жүзі болды, осындай ұстаныммен еңбек етіп келемін. Жеке өзім мамандығымды өзгерту туралы ешқашан ойлаған емеспін».
Барлық табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың 80 пайыздан астамы өрт болып шығады. Өрт сөндіруші мамандығы саперлер мен кеншілерден кейінгі ең қауіпті үш мамандықтың бірі. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, өрт кезінде адам өлімі, әдетте, өрт шыққаннан кейін 5-6 минут ішінде болады. Оның үстіне Қазақстанда әрбір 36 өрттен өлім тіркелсе, АҚШ-та бұл көрсеткіш 10 есе аз – 360 өрттен бір адам, Ұлыбританияда – 14 есе, Францияда – 27 есе.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ерлігінің соңғы үлгілерінің бірі - Жамбыл облысында оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан болған өртті сөндірудегі оқиғалар. 26 тамызда алапат жарылыстың салдарынан Төтенше жағдайлар министрлігінің 50 қызметкері зардап шекті, оның 8-і қаза тапты.
«Біздің жігіттер жүгіріп жүріп міндеттерін абыроймен орындады. Оқиға орнына жеткенде тек қатты түтін басқанын байқадық. Сол себепті өртті сөндіруге барлық жауынгерлік бригадаларды жұмылдырдық. Ал одан әрі не болғанын сараптай алмадық, қайғылы оқиғаның арты тергеумен жалғасып кетті. Қайта Арыс қаласындағы жарылыстан шыққан өрт қауіпсіздеу еді, барлығы жан-жаққа бас сауғалап үлгерді, десе де жарылыс қаупі жоқ. Оның ішінде бастапқы кезеңде де, өрт кезінде де бізде болған ақпарат бойынша жұмыс істедік», - деді оқиғаның басы-қасында жүрген мамандар.
Құтқарушылар тек өртпен күресіп қана қоймай, суға батып бара жатқан адамдарды, қиын жағдайға тап болған балықшыларды құтқарып, кемелер мен шағын көлемді жүзу құралдарына дейін суға батып кетпеуге көмектеседі. Олар сондай-ақ сел, жер сілкінісі және жарылыс салдарын жояды, адамдарды қар үйінділерінен алып шығады, бактериологиялық және химиялық қауіптерден қорғайды. Бір сөзбен айтқанда, олар - құрлықтағы, судағы және ауадағы алғашқы көмекшілер. Әмбебап сарбаздар.
Алайда, кейде құтқарушылардың өздері де көмекке мұқтаж болып қалатын сәттер кездеседі. «Бізге күніне 5-7 адам көмекке мұқтаж болып келеді, күн сайын оқу-жаттығулар жүргіземіз. Өйткені, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмыс күнінің басым көпшілігі қатерге толы. Бірі қолын сындырып алады, аяғын шығарып алады, бірі өртке түсіп кетуі мүмкін, күйік шалатындары қаншама. Демек, оларға да дер кезінде көмек керек. Тіпті, кейбір әріптестеріміз тілден айырылып қалып жатады. Өйткені, сондай алапат өрттің ішіне еніп кетіп, тірідей жалынның ортасына түсіп кеткен адамды көру де оңай емес. Ал өрт сөндіруші сондай адамды көріп қана қоймай, құтқару керек», - дейді психологиялық тренинг орталығының жетекшісі, психолог Гүлжан Ахметова.
Құтқарушы немесе өрт сөндіруші ретіндегі әрбір күн оның соңғы күні болуы мүмкін. Ол - отқа, суға, қарға ойланбай түсетін, адамның ақымақтығы немесе бейқамдығы салдарымен соғысатын күрескер. Ол күн сайын жұмысқа барады, сүйікті шаңырағына, отбасы мен достарына қайтадан аман-есен оралатынына 100 пайыз сенімді емес. Бірақ оның басқа таңдауы да, таңдау жасағысы да жоқ, өйткені бұл оның миссиясы - адамдарды құтқару. Және бұл орындалады.
Асхат Қойшығараұлы