Freedom Inside '26

Қазақстандағы барлық пойызда интернет пайда болады – ҚТЖ

Қазақстандағы барлық пойызда интернет пайда болады – ҚТЖ
ҚТЖ

Қазақстан темір жолы компаниясы 2026 жылдың соңына дейін елдегі барлық пойызды интернетпен қамтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Үкіметтегі брифинг барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта пойыздарды интернетпен қамту бойынша жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

«Бізде пойыздарда интернет орнату бойынша жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін барлық пойызды интернетпен қамтамасыз етеміз деп ойлаймын», – деді Алдыбергенов.

Ал ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжанов жолаушылар пойыздарындағы спутниктік интернет бұдан да ертерек іске қосылатынын айтты.

Оның сөзінше, қазірдің өзінде «Нұрлы жол – Семей» бағыты толықтай интернетпен қамтылған.

«Қазірдің өзінде «Нұрлы жол – Семей» пойызы толықтай интернетпен қамтылған. Алматы – Павлодар, Павлодар – Түркістан, «Нұрлы жол – Атырау» және басқа да бірқатар бағыттардағы пойыздарға терминалдар орнатылып жатыр. Ең алдымен жолаушылар ең көп қатынайтын бағыттарды таңдап отырмыз. Осылайша көпшілік интернеттің мүмкіндігін пайдаланып, оның сапасын бағалай алады. Жаздың соңына дейін негізгі бағыттардың барлығын спутниктік интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», – деді Ахметжанов.

Оның айтуынша, алдымен жолаушылар ағыны жоғары бағыттарға басымдық беріледі. Жаздың соңына дейін негізгі теміржол маршруттары спутниктік интернетпен қамтылып, кейін жоба барлық пойыздарға кезең-кезеңімен енгізіледі.