Төтенше жағдай министрлігі электромобильдерді қауіпсіз қуаттандырудың ережесін әзірлеп жатыр

Dalanews 27 қар. 2023 07:15 1571

Бүгінде елімізде электр қуатымен жүретін көліктер көбейе бастағаны белгілі. Іргедегі Қытайдан күн сайын жүздеген электромобильдер елімізге кіріп, халықтың қолданысына еніп жатыр. Электр қуатымен жүретін көліктердің көбею еліміздегі экологиялық жағдайдың жақсаруына септігін тигізетіні белгілі. Сондықтан оны елге әкелудің маңызы зор. Ел Үкімет елге электромобильдер кіргізген кәсіпкерлерге біраз жеңілдіктер ұсынып, ынталандырып жатқанын да білеміз. Десекті күнделікті өмірімізден орын алып жатқан дүниенің де өзіндік ерекшеліктері бар екенін ұмытпауымыз керек. Қазіргі таңда электромобильдерді қуаттандыратын орындар өте аз. Бұдан кейін көпшілік көліктерін үй жағдайында қуаттандыруда. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік жағдайын ушықтыруы мүмкін.

Сол себепті ҚР Төтенше жағдай министрлігі электромобильдерді қауіпсіз жағдайда қуаттандырудың ереже-талаптарын қарастыруда. Енді осыны Dalanews.kz ақпараттық агенттігінің мыңдаған оқырмандарына түсіндіре кетуді жөн санап отырмыз.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтардың электромобильдер мен оларды қуаттандыру станцияларының орналасуы туралы көптеген өтініштерін ескеріп, біздің елде оларға қойылатын талаптардың жоқтығына алаңдауда.

Бүгінде дамыған елдерде электромобильдерге қойылатын талаптар пайда болып, кеңінен қолданысқа ие болғанын бәріміз білеміз. Бізде олардың іс-тәжірибесін басшылыққа алып, бұл бағытта заман талабына сай ортақ тәртіпті қалыптастырудың маңызы зор. Өйткені, электромобильдерді қуаттандыру ісі кезінде өрт қауіпсіздігі қатаң сақталуы керек.

Бүгінде бұл мәселеге мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан ерекше назар аударылуда. Өйткені соңғы уақыттары бүкіл әлемдегідей біздің елімізде де электромобильдерге сұраныс артып келеді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың 25 қыркүйегіндегі ахуал бойынша ел аумағында 6,5 мыңнан астам электромобильді тұрғындар күнделікті пайдалануда.


Соңғы уақыттары елімізде электромобильдерге қызығушылардың саны күн сайын артып келе жатқанын ескерсек, алдағы уақытта электр қуатымен жүретін көліктердің саны елімізде еселеп өсетіні байқау қиын емес. Ал оны жөндеу, қуаттандыру кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау өте маңызды талап болмақ.

Әдетте өрт сөндірушілер күн суытқан сәтте үй-үйді аралап, от жағудың қауіпсіздігін сақтауға қатысты жадынамалар таратып, тұрғындардың сұрақтарына жауап беретінін білеміз. Сол сияқты алдағы уақытта төтенше жағдай қызметкерлері көлік жөндейтін техникалық орталықтарды аралап, электромобильдерді жөндеген өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесін түсіндіруі маңызды. Ал бұл үшін арнайы ереже мен талаптар керек.

Бұл ретте электромобильдерге орнатылған батареялар электр қуатын жиі қуаттаныдруды қажет етеді. Бүгінгі таңда елімізде тұрғын және қоғамдық ғимараттардың автотұрақтары мен паркингтерінде қауаттандыру станцияларының белсенді орнатылып жатқаны байқауға болады.

Ал олардың өрт қауіпсіздігін сақтап орнатылып жатқанын көпшілік біле бермейді. Мұндайда төтенше жағдай қызметі мамандарының кеңесіне жүгінудің маңызы зор.

Бүгінде елімізде тұрғын үй құрылысын жүргізгенде оның заң талаптарына сай жүргізілгенін бақылайтын қадағалаушы органдардың құрамында өрт сөндірушілердің жоқ екенін біреу білсе, біреу білмейді. Мұны Dalanews.kz тілшілері жазып, көтерген болатын. Соның кесірінен жаңа тұрғын үйлерде өрт пайда болғанда өрт сөндірушілер үлкен қиындықтарға тап болып жатады. Автотұрақтар мен жер асты паркингтеріне электромобильдерді қуаттандыратын құрылғыларды орнату барысында осы қателіктерді қайталамауымыз керек. Ол үшін тиісті жерлерге қуаттандырушы құралдарды орнатқан кезде төтенше жағдайлар қызметкерлерін араластырудың маңызы зор.

Сонымен қатар, ТЖМ электромобильдерде орнатылған литий-ионды аккумуляторлардың өрт қауіпті сипаттамаларына назар аударады. Электромобильдердегі өртті сөндірудің шетелдік тәжірибесі литий-ионды батареялардың тұйықталуы, істен шығуы, өздігінен тұтануы және жарылуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан электромобильдерді пайдаланған әрбір адам қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауы тиіс.

Осыған байланысты, ТЖМ электромобильдер мен олардың қуаттандыру станцияларын орналастыру жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделей отырып, қуаттандыру станцияларының орналасқан орнына, орналастырылатын электромобильдер мен қуаттандыру станцияларының санына қойылатын талаптарды, ең аз арақашықтық белгілеу бөлігінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

Электр көлігін пайдаланудың практикалық тәжірибесін зерттеу үшін Қытай мен Түркияға қосымша сұраныстар жіберілді. Осылайша ҚР Төтенше жағдай министрлігі күнделікті өмірімізге дендеп еніп жатқан электромобильдерді қауіпсіз пайдаланудың жөн-жоралғыларын зерделеп, ортақ талапты дайындаумен айналысып жатыр.


ТЖМ сәулет және қала құрылысы істері жөніндегі уәкілетті органның атына тиісті талаптарды мемлекеттік нормативтерде белгілеу қажеттілігі туралы хат жолдағанын атап өтеміз.

Осыған байланысты, ТЖМ әртүрлі мақсаттағы ғимараттарында электромобильдерге арналған қуаттандыру станцияларын орналастыруға жол беру бөлігінде мемлекеттік нормативтерге қажетті талаптарды заңнамалық реттеуден және олар енгізілгеннен кейін қабылданған түзетулерге сәйкестікке келтіру мақсатында өрт қауіпсіздігі қағидаларының талаптары қайта қарауды көздеп отыр.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданғанға дейін бокстарда, паркингтерде, көлік құралдарын қоюға арналған үй-жайларда, өндірістік гараждардың үй-жайларында, шатырлардың астында және электромобильді зарядтауға арналған көлікті сақтау ашық алаңдарында айнымалы токпен қуаттандыру станцияларын пайдалануға жол берілмейді.

Нұрлан ӘУБӘКІР

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар