Жекеменшік мектептер тойхана деп көрсетілген: білім саласындағы былық ашылды

Сағыныш Сардарова 17 қар. 2025 15:52

Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген жиында білім беру саласын қаржыландыруға қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуге назар аударылды. Бұған дейін премьер-министрдің тапсырмасымен "Қаржы орталығы" АҚ Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына берілген болатын.

Қаржы министрі Мәди Такиев осы саладағы ашықтықты қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Биыл қарашада e-Qazyna.kz веб-порталында OrtaBilim ақпараттық қызметі іске қосылды. Жүйе білім алушылардың саны мен контингентін, рұқсат құжаттарының болуын және басқа да ақпаратты автоматты тексеру арқылы деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтуге бағытталған.

Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған.

"745 мекеменің 155-і алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30%-ы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес. Мәселен Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі тойхана ретінде, Шымкентте сауда орталығы және тағы басқа деп көрсетілген.

64 мектепте білім алушылар контингенті жобалық қуатынан 2 есе артық. Мысалы, Алматы облысында орналасқан жобалық қуаты 60 адамға есептелген жекеменшік мектептердің біріне іс жүзінде 702 оқушы қабылданған", - деп жазылған хабарламада.

Астана қаласындағы 241 оқушыға арналған жекеменшік мектептің құжаттарында 1003 адам көрсетілген. Сонымен қатар, жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру деректері анықталды.

"Жүргізілген тексеріс жұмыстары жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселелерінде көптеген заңбұзушылықты анықтады. Шындығында, біз мемлекеттің жоқ оқушылар үшін жиі ақша төлейтінін көріп отымыз. Бұл нарықта тұтастай заңсыз индустрия қалыптасты. Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі келесі қаржыландыру жылынан бастап бұл салада толықтай тәртіп орнатуы керек. Бірде-бір мемлекеттік теңге шенеуніктердің қалтасына түсіп, ысырап етілмеуге тиіс", - деді Бектенов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар