Төлебилік шаруа бөдене өсіріп, табыс табуда

Dalanews 20 қаз. 2023 06:30 1524

Төлеби ауданында бөдене шаруашылығын дамыту қолға алынған. Бұл бағытта, ауыл тұрғындары өз аулаларынан құс бағатын шағын ферма іске қосуда, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірінші мамыр ауылдық округі, Бейнеткеш елді мекенінің тұрғыны Бағлан Туматаев «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грант иегері атанып, қайтарымсыз 1 млн 380 мың теңге қаржыға ие болды.

Кәсіпкер жұдырықтай құстың бабын табу үшін көп ізденгенін айтып, аудан әкімі Төлеген Телғараев пен Мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаровқа  отбасылық құс фермасын таныстырды.

Жеке кәсіпкер бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы мол екендігін, оларды ұстау, бағу шарттарын оқып, бұл іске кіріскенін әңгімеледі.

– Үй ауласынан бөдене шаруашылығын жүргізу идеясымен құс жөнінде көптеген мәліметтер іздедім. Кішкентай құстың бабын табу үшін қажетті температураны реттеуді қолға алдым.


Бөдене жөнінде ең бірінші ескеретін жайт, бұл құс суық жерде жұмыртқаламайды. Ыстықты да ұната қоймайды. Тұрақты температура 16-18 градус жылы болуы тиіс, – деді кәсіпкер.

Ересек бөденелер бір ғимараттың ішінде орналасқан арнайы қондырғыларға жайғасқан. Әр қондырғыда құс жәшіктері бар. Бөденелер арнайы жемделеді. Істің мән жайын толық меңгерген кәсіпкер 2000 бас бөденеден күндігіне 800 жұмыртқа өткізіп, айына 200-250 мың теңге табыс тауып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, кәсіптің осы түрін дамытуды мақсат еткендерге жол сілтеп, жұмыс жүргізу тәсілін үйретпек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар