"Жалғыз күресіп, өмірім қыл үстінде тұр". Қызметкер Талғар мектебіндегі былықтар туралы айтып берді

Көркем Алдабергенова 17 қар. 2025 13:44

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Ақтас ауылындағы №36 жалпы білім беретін орта мектептің шаруашылық бөлімінің қызметкері Серікжан Бекмұратов білім ордасындағы былықтар туралы айтты. Оның сөзінше, 2023 жылдан бері аталған білім ордасында мемлекеттік мүлікті талан-таражға салу, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және бюджеттік қаржыны мақсатсыз жұмсау фактілеріне куә болып келеді. Серікжан Бекмұратов Dalanews.kz-ке мән-жайды егжей-тегжейлі айтып берді. 

Серікжан Бекмұратов мектептегі былықтар туралы әлеуметтік желіде үндеу жасаған болатын. Себебі мектеп газбен қамтылса да, білім ордасының басшылығы тонналап солярка сатып алған. 
"2023 жылдан бері қарсыласып келе жатырмын. Себебі сол жылы қыркүйекте Талғар ауданына қарасты Ақтас ауылындағы №36 мектепке 108 тонна солярка келді. Бірақ біздің мектеп бір жыл бұрын, яғни 2022 жылы толықтай газбен қамтылған болатын. Мен қосымша құжатты (накладной) көріп, бірден бізге солярка керек емес екенін айттым. Ол кезде шаруашылық бөлімінің орынбасарының орнына қалған едім. "Қабылдамаймыз, бұл дұрыс емес" дедім. Ол сәтте мектеп директорының қызметін уақытша Динара Сәлімжанова деген кісі атқарған", - дейді Серікжан Бекмұратов. 
Динара Сәлімжанова ауданға кетіп, кейін қайтадан келіп, "аға, солярканы тез тез қабылдап алу қажет, болмаса бізді құртады" деген. 
"Мен "жоқ, қабылдамаймыз" дедім. Тура сол күні ауданда Солтанбаев Серік Еспанұлы деген кісі мені шақырып, "мынаны қабылдаңыз" деді. Мен мектеп толық газбен қамтылғанын, бізге солярканың қажеті жоғын айттым. "Мен не айттым соны орындайсыз, немесе жұмыстан кетесіз" деді. Мен қабылдамайтынымды айттым. Мектеп директоры ашуланып, "неге қабылдамайсың? қайдағы бір шаруашылық меңгерушісісің, қабылдамасаң мені директорлыққа бекітпейді, қол қой да жібер, бұл жылда болатын жұмыс, аудан өзі реттейді" деді. Мен тағы келіспейтінімді айтып қол қоймай қойдым. Сөйтіп еңбек демалысында жатқан шаруашылық бөлімінің орынбасары Болат Чемчеков деген кісіні шақырып, сол кісі қабылдап алды", - дейді ол. 
Ертесі Серікжан Бекмұратовты мектеп директоры шақырып, оны оқу бөлімінің бастығы Айнагүл Үшкемпірова шақыртып жатқанын айтқан. 
"Барып едім "сен кімсің? мына құжатқа қол қой" деді. "Қабылдамаймын. Біздің мектеп 2022 жылдан бері газбен қамтылған. Солярканың бізге қажеті жоқ" деп едім, мені жұмыстан шығару керегін айтты. Бұл заңсыз екенін, олар сыбайлас жемқорлықпен айналысып жатқанын айттым", - дейді Серікжан Бекмұратов. 
Осы жайттардан кейін басшылықтағы адамдар оның артына түскен. 
"Директордың міндетін уақытша атқарған Динара Сәлімжанова басқа мектепке ауысып кетті. "Не алған "доляңыз жоқ, осы жерде қалдыңыз" деді маған. Мен 40 жыл қызметімді адал жұмыс істедім. Жемқорлыққа басымды тықпаймын. Кейін оның орнына Гүлжанат Тоқтыбаева деген кісі келді. Бірге Мұрат Сайлыбаев деген жаңа шаруашылық меңгерушісі келді. Бұрын болған Болат Чемчеков деген кісі зейнетке шығып, маған "енді сенімен айналысады, сен  Серік Солтанбаевпен ойнапсың, ол оқу бөлімінің басшысының "әмияны". Қызметтен кім кететінін, кім қалатынын сол шешеді" деді. 2025 жылдан бері біздің ауданда мектепке жұмысқа кіретін мұғалімдер 1,2 миллион теңге беріп кіреді. Оны бүкіл халық біледі", - дейді Серікжан Бекмұратов. 
Оның сөзінше, жаңа директор да құжаттарды тексеруді талап еткен. Серікжан Бекмұратов құжаттарды бір ай бойы тексеріп, кем-кетігін көрсеткен. Нәтижесінде 60-70 миллион теңге кем болып шыққан. 
"Болат Чемчековтің мамандығы да жоқ. Ал жаңа директормен келген Мұрат Сайлыбаев деген кісінің де білімі жоқ. Бірақ шаруашылық бөлімінің басшысы етіп қойды. Жаңа директор ауданға барып келген соң "аға, сіз жұмыстан кетіңіз. болмаса бәле болады" деді. Мен кетпеймін, ешқандай кінәм жоқ дедім. Тоқтыбаева да менің артыма түсіп, әлі күнге дейін жүр. Арызданбаған жерім жоқ. Осы былықты дәлелдеген күні ғана мектептен кетемін",  - дейді Серікжан Бекмұратов. 
Мұрат Сайлыбаев ауданда "крышам бар" деп ескертіпті. 
"Мұраттың айтуынша, мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Майра Босынбаеваның туысы екен. Сол арқылы шаруашылық бөліміне келіп отыр екен. Мұрат келіп, маған күш көрсетіп, "неге арыз жазасың, мен пайда табуым керек, бұл Үшкемпірованың бизнесі" деп отыр. Сонда халықтың салығынан жиналған ақшаны кәсіпке айналдырған. Мұрат ертесі келіп маған пышақ тақады. "Енді арыз жазсаң өлесің" деді", - дейді Серікжан Бекмұратов. 
Серікжан Бекмұратов шілде айында бір, қыркүйек айында тағы бір үндеу жариялаған соң ғана Мұрат Сайлыбаев қызметінен кеткен. Кейіннен директор Тоқтыбаева да қызметінен кеткен. 
Ол бірнеше жерге шағымданған. Алайда қарабайыр ресми жауаптар ғана келген. 
"Олар аудитқа жіберді. Олардан Талғат Әбішев деген кісі келіп, ол менің өзімнен ақша сұрады. "Маған 5 миллион берсең аудит нәтижесінде кемшіліктерді жазып беремін" деді. Факт тұр, неге жазбайсың десем "бастықтар "доляда отыр" деді. Аудит басшысы Ботанов деген кісіге жазып едім, мені шақырып "қайта барып тексереміз" деп, кейіннен "қайта тексеруге жатпайды" деген жауап келді", - дейді Серікжан Бекмұратов.
Расында Серікжан Бекмұратов жариялаған үндеуге Талғар ауданының білім бөлімі тексеріс жүргізіліп, тексеріс шешімі бойынша шағым "негізсіз екені дәлелденген" деп жауап берген.
"Газбен қосылған мектепке қалайша 108 тонна соляркаға тапсырыс береді? Бұл барып тұрған жемқорлық. Оқу бөлімінің бастығы Айнагүл Үшкемпірованы не орнынан алған жоқ. Демек сыбайлас қой. "Ештеңе істей алмайсыз" деді. Басымды тігіп отырмын. Үшкемпірова мені қорқытып, бандиттерді жібереді", - дейді Серікжан Бекмұратов. 
Оның сөзінше, қазіргі уақытта белгісіз біреулер қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытып жүргендер бар. Мектепке келген жаңа директор да Серікжан Бекмұратовты сұраққа алып, артына түскен көрінеді. 
"Бұлар мені өлтіре алмай ғана келе жатыр. "Көлік қағып кетеді, басыңа кірпіш түсіп кетеді" деп қорқытады. Аудандағы қызметкер Рүстембек Мыңбаев хабарласып, мені сотқа беретінін айтты. Жақсы, бер дедім. Жауап беруге дайынмын. Қазір жалғыз өзім күресіп, өмірім қыл үстінде тұр. Өміріме қауіп төніп тұр", - дейді ол. 
Айта кетейік, Серікжан Бекмұратов айтып отырған мәселелерге қатысты құжаттың бәрі редакцияда бар. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар