Қазақстанда елдегі алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру бойынша жалпы халықтық конкурс аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Конкурс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 11 тамыздағы бастамасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылып, 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында eGov Mobile платформасында өтті.
"Конкурс комиссиясының қорытынды отырысының нәтижесі бойынша азаматтардан ең көп ұсынылған "Балқаш" атом электр станциясы" атауы жеңімпаз деп танылды. Таңдалған атау атом электр станцияларын географиялық белгі бойынша атау жөніндегі халықаралық тәжірибеге де сәйкес келеді", - деді агенттік өкілдері.
Конкурсқа 16 жастан асқан 27 157 Қазақстан азаматы қатысқан. Әр қатысушыда бір ғана атау ұсыну мүмкіндігі болды.
"Конкурс комиссиясының отырысында ең танымал 100 атау қаралды. "Балқаш" атом электр станциясы" атауын 882 азамат ұсынды және ол танымалдығы бойынша қорытынды рейтингте бірінші орын алып, конкурс жеңімпазы атанды", - деп жазылған хабарламада.
