Қарағанды облысындағы мемлекеттік мекеме шырша ойыншықтарына 3,7 млн теңге жұмсамақшы

Қаракөз Амантай 17 қар. 2025 14:45

Қарағанды облысының Осакаров ауданы әкімдігіне қарасты мекеме жаңа жылдық шырша ойыншықтарын сатып алуға бюджеттен 3 миллион 767 мың 900 теңге жұмсамақшы.

Dalanews.kz редакциясы мемлекеттік сатып алулар порталындағы құжаттарға шолу жасау барысында шығындарда күмән тудыратын баға айырмашылықтарын анықтады. Себебі тауарлардың құны қарапайым аудан бюджеті үшін тым қымбат екенін байқауға болады.

Тапсырыс аудан әкімдігіне қарасты Осакаров ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің “Аудандық мәдени-сауық орталығы” коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны арқылы жарияланған. Келісімшарт 2025 жылдың 15 қарашасында жасалған. Ал бір ойыншықтың бағасы 7 мыңнан 23 мың теңгеге дейін көрсетілген.

Ойыншықтар және олардың бағасы

Kaemingk маркасындағы ақ керамикалық атша ойыншығы

Мекеме бұл ойыншықтың әр данасына 9440 теңге төлемек. Жалпы шығын 944 мың теңгені құрайды.

Ал дәл осындай тауар Kaspi дүкенінде 1 290 теңгеден сатылып жатыр.



Яғни, бюджет есебінен алынатын ойыншықтың бағасы нарықтағыдан 7 есе қымбат.

Kaemingk брендіне тиесілі “Ретро” шарлар

Әкімдік бір орамында 2 данасы бар ойыншыққа 23.450 теңге төлемек. Бұл тауарға кететін жалпы шығын 1 миллион 641 500 теңгені құрайды.

Маркетплейстерде бір орамында 6 данасы бар осындай ойыншық 2 800 теңгеден сатылып жатыр. Айырмашылық — 10 есе.

Қар өрнегі бар әшекейлі шар

Бұдан 160 дана тапсырыс берілген. Әрқайсы — 7 390 теңге. Жалпы шығын 1 182 400 теңгені құрайды.

Түйін

Елде бюджет тапшылығы ушығып, өңірлерде әлеуметтік жобалар мен инфрақұрылымдық жұмыстарға қаржы жетпей жатқан кезеңде, шағын аудан әкімдігінің миллиондаған теңгені жаңа жылдық ойыншықтарға жұмсауы қаншалықты қисынды?


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар