Мамандар Алматыда ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қалада маусымдық жағдайға қарамастан, сырқаттану деңгейі тұрақты екенін айтты.
Департамент деректеріне сүйенсек, 45-аптада Алматыда 23 786 ЖРВИ жағдайы тіркелген, бұл - 100 мың тұрғынға шаққанда 1012,89. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,7%-ға, ал алдыңғы аптамен салыстырғанда 18,9%-ға жоғары. Науқастардың 63%-дан астамы – балалар.
"Жаңа эпидмаусым басталғалы барлығы 113 390 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Аурушаңдықтың 58,6%-ы балалар арасында. Барлығы - 2428 науқас, оның ішінде 255 жүкті әйел және 1 жасқа дейінгі 333 бала ауруханаға жатқызылды", – деді Әсел Қалықова.
Алматыда тұмаудың A/H3N2 штамының 13 расталған жағдайы анықталған, олардың басым бөлігі – екпе алмағандар. Науқастардың көпшілігі - жүкті әйелдер.
Сондай-ақ, риновирус, парагрипп және маусымдық коронавирус бар екені тіркелген.
Маман тұрғындарға ЖРВИ мен тұмаудың алдын алудың негізгі іс-шараларын еске салды:
- иммунитетті көтеру: С дәруменін қолдану, дәрігер нұсқауымен оксолин майын пайдалану;
- көпшілік жиналатын орындарға баруды қысқарту, үй-жайды желдетіп, тазалау, ЖРВИ-мен ауыратындармен қарым-қатынастан аулақ болу, қажет жағдайда маска тағу, жеке гигиена ережелерін сақтау;
- сырқаттанған жағдайда үйде болу, өзін-өзі емдемеу, медицина қызметкерін шақыру, жөтелгенде және қақырғанда ауызды қолмен, салфеткамен немесе орамалмен жабу, қолды жиі жуу;
- науқас балаларды мектепке, балабақшаға және мәдени-бұқаралық орындарға жібермеу.
