Ақтөбеде мұғалімдер өз-өзін өртеп жіберетінін айтып, үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мән-жайы
Әлеуметтік желіде Оқу-ағарту министрлігінің жаңа тәртібінен кейін Ақтөбедегі "Білім" және "Смарт Білім" жекеменшік мектептерінің мұғалімдері қыркүйектен бері жалақы алмағаны, олар "әкімдік алдында өздерін өртейміз" деген мәлімдеме жасағаны туралы ақпарат тарады.
Шенеуніктер жалақыны келесі апта соңына дейін төлеуге уәде еткен, бірақ нақты кепіл жоқ. Ал шығынды өтеу үшін мұғалімдерге сотқа жүгіну ұсынылған.
Бұған дейінгі жағдай
Еске салайық, жуырда депутат Мұрат Әбенов жеке меншік мектептерге қатысты мәлімдеме жасады. Депутаттың сөзінше, жекеменшік мектептердің 57%-ы заман талабына сай емес.
"Шантаж жасауды қойыңдар. Мұғалімдер арқылы айқай-шу шығарып, жасалмаған жұмыстар үшін ақшаны мәжбүрлеп төлетеміз, БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы жауапты тұлғаларды қорқытамыз деп әрекет жасағандар, отпен ойнамаңдар. Жаңа министрдің тәртіп орнатамын деген барлық талабын толық қолдаймыз", - деді ол.
