Қазақстанға көшіп келген қандас боксшы азаматтық ала алмай жүр

Қазақстанға көшіп келген қандас боксшы азаматтық ала алмай жүр
Фото: sports.kz

Өзбекстан құрамасында өнер көрсеткен боксшы Саят Илиясов Қазақстан азаматтығын рәсімдей алмай жүргенін мәлімдеді. Соның салдарынан спортшы Таразда өтіп жатқан ел чемпионатына қатыса алмаған, деп хабарлайды dalanews.kz sportbugin.kz-ке сілтеме жасап. 

Боксшының айтуынша, ол биыл қаңтарда Қазақстанға қоныс аударып, азаматтық алуға қажетті құжаттарын тапсырған. Қазір Маңғыстау облысының намысын қорғап жүрген спортшы рәсімнің ұзаққа созылуына байланысты бірнеше маңызды жарыстан шет қалған.

"Құжаттарымды қаңтар айында тапсырдым. Алайда әлі күнге дейін дайын емес. Әртүрлі себеп айтылып, рәсім кейінге шегеріліп келеді. Соның салдарынан дайындығым зая кетіп жатыр. Қазақстан чемпионатына да, Азия чемпионатына да қатыса алмадым", – деді Саят Илиясов.

Саят Илиясов бұған дейін Өзбекстан құрамасының сапында халықаралық жарыстарға қатысқан. Ол 2022 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлде иеленген. Ал 2025 жылы 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия біріншілігінде топ жарып, чемпион атанды. 60 келі салмақта өткен финалда қазақстандық Илья Калининді жеңген.

Қазақстан атынан өнер көрсету мақсатымен елге қоныс аударған боксшының азаматтық ала алмай жүргені әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр.