Маңғыстауда дәрігерге қол көтерген азамат өз шындығын айтты

Маңғыстауда дәрігерге қол көтерген азамат өз шындығын айтты
Фото: видеодан скрин

Маңғыстау облысында дәрігерге қол көтерді деген азамат әлеуметтік желіде видео жариялап, ауруханада болған жағдайға байланысты үндеу жасады. Жаңаөзен қаласының тұрғыны Абдухалим Жангелдиннің сөзінше, жанжалға баласына дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеуі себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үш баланың әкесі Ақтау қаласына екі ай бұрын көшіп келгенін жеткізді. 19 қазанда оның екінші ұлы Жамбыл Ибрахимнің іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Бала тоқтаусыз жылағаннан кейін әкесі жедел жәрдем шақырған.

"Жедел жәрдем қызметкерлері баланың дене қызуын өлшегенде 39 градусты көрсетті. Олар соқырішек болуы мүмкін екенін айтып, бізді ауруханаға алып келді", – дейді ол.

Азаматтың айтуынша, ауруханада баланы хирург қабылдаған. Алайда дене қызуын қайта өлшеу үшін шамамен жарты сағат күтуге тура келген.

"Балам ішін ұстап, тоқтаусыз шыңғырып жылап жатты. Дәрігерден градусникті қашан алатынын сұрағанымда, ол әлі қоймағанын айтты. Тағы 15–20 минуттан кейін ғана температурасын өлшеді. Көрсеткіш әлі де 39 градус болды", – деп баяндады Абдухалим Жангелдин.

Әкенің мәлімдеуінше, баланың іші өтіп, құсып, жағдайы нашарлай түскен. Ол дәрігерлерден талдау алуды сұрағанымен, оған да бір сағаттай уақыт кеткенін алға тартты. Оның сөзінше, қан талдауында лейкоцит көрсеткіші 21,5 болған.

"Балам қатты қиналып жатты. Дәрігерлерден көмектесулерін сұрап, жалынып, жылауға дейін бардым. Балам шыңғырып жатқанда, мен мамандардың артынан жүгіріп жүрдім. Бір укол салып, кейін ешкімді таба алмай қалдым", – дейді азамат.

Оның айтуынша, кешкі сағат 18:00–19:00 шамасында дәрігерлер хирургиялық дерттің белгілері анықталмағанын айтып, үйіне қайту жөнінде құжат берген. Алайда әкесі баласының жағдайына алаңдап, ауруханадан кетпеген.

"Баламды жатқызуды сұрадым, бірақ өтінішім орындалмады. Дене қызуы да түскен жоқ. Түнгі сағат 23:00 шамасына дейін ауруханада жүрдік. Бізге ешкім тиісті деңгейде назар аудармады", – деді ол.

Абдухалим Жангелдин қолындағы медициналық құжаттар мен өзге де дәлелдерді жариялауға дайын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Ақтаудағы Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде ер адамның кезекші хирургке күш көрсеткен сәті түсірілген видео тараған. Аурухана өкілдерінің мәліметінше, дәрігер баланы тексеріп, стационарға жатқызуға медициналық негіз жоқ екенін түсіндірген. Осыдан кейін науқастың әкесі үстелді теуіп, хирургтің жағасынан алып, мойнынан қысқан. Оларды сол жерде болған адамдар ажыратқан. Маңғыстау облыстық полиция департаменті 31 қазанда болған жанжалға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.