АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары инвестиция салған Қазақстандағы ірі вольфрам жобасына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Cove Kaz Capital компаниясының басшысы Доминик Хитонның айтуынша, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) дайындауға әлі 15-18 ай уақыт қажет. Осы құжат дайын болғаннан кейін жобаны толық іске асыру үшін қанша қаржы керек екені нақты белгілі болады.
Қазіргі таңда инвесторлар жобаға кемінде 1,1 млрд доллар тартуға ниетті.
Бұған дейін компания вольфрам өндіру жұмыстарын алдағы бес жыл ішінде бастауды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Жоба аясында екі байыту фабрикасы мен металлургиялық зауыт салынады.
Алғашқы кезеңде кен өндіріліп, вольфрам концентраты шығарылмақ. Кейін оны өңдейтін зауыт іске қосылады. Нәтижесінде вольфрам шикізаты шетелге жөнелтілмей, Қазақстанның өзінде өңделеді.
Компания әзірге өнімді кімдердің сатып алатынын жариялаған жоқ. Алайда қолданыстағы келісімдерге сәйкес, америкалық кәсіпорындар қазақстандық вольфрамды сатып алуда басым құқыққа ие болады.