Экономист Ерқанат Әбени Қазақстан экономикасының болашағына қатысты болжамын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, Қазақстан экономикасы алдағы таңда мықты болмайды. Оған бірнеше себеп бар.
"Америка құрама штаттарында кәсіпкердің табысы 65 мың доллардан аз болса, ол салықтан босатылады. Тек 800 доллар көлемінде рента төлейді. Әр штатта әртүрлі, салаға да байланысты, бірақ мақсаты бір: мемлекет кәсіпкер "аяғына тұрып алғанға дейін" салықты үйіп қоймайды", - дейді ол.
Яғни АҚШ-та шағын бизнесті салық салынатын база ретінде қарастырмайды.
"Оның үстіне шағын бизнестің жалпы қазынадағы үлесі айтарлықтай көп емес. Салық органдарының ақшасы мен ресурстары салықтық әкімшілендіруге олардан түсетін қаржыдан көбірек жұмсалады. Яғни оның әлеуметтік маңызы бар жұмыс орындары құрылып, халық жұмыспен қамтылады. Нәтижесінде мемлекет "плюсте" қалады", - дейді ол.
Осылайша елде бизнес орта қалыптасады. Экономист кәсіпкердің табысы көбейіп, ол салық төлеуден жалтарса, жазаланатынын атап өтті.
"Осылай біртіндеп шағын және ірі бизнес дами бастайды. Олар бірігіп, күшейген сәтте бизнес бастамасы басталады, кішкентай дәмхана үлкен мейрамханаға, кішкентай дүңгіршектер үлкен бутикке айналады. Сол сәтте салық та көбірек түседі. Осылайша жұмыс орны да көбейеді", - дейді маман.
Биліктің арманы да сол – орта класс пен сенімді кәсіпкерлерді қалыптастыру екен.
"Бұл - өркендейтін экономиканың негізі. Ал бізде енді дамып келе жатқан кәсіпті "еркетелудің" орнына салық төлетіп, ол ақшаны шағын және орта бизнесті қолдауға арналған тиімсіз мемлекеттік бағдарламаларға жұмсап жатады. Ол бағдарламалар нәтижесіз болғанымен қоймай, кәсібін бастағысы келген адамның аяғын шалып, өлі бизнестің пайда болуына алып келеді. Мұндай бағдарламалардың мақсаты - табысы мол кәсіптің пайда болуына әсер етпей, субсидияны бөліп алу",- деп сынады ол.
Одан бөлек, экономист қазір мемлекет тіпті тапсырыс жеткізушілерге, ұсақ сатушыларға салық төлетіп қойғанын айтады.
"Олар өзін, отбасын асырау үшін ауыр жұмыс істеп, қанша табыс таба қояр дейсіз? Олар бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру үшін осы жаңа нәрсенің бәріне әлі пайда болып үлгермеген бизнесмендерден алатын ақшадан көбірек ақша жұмсайтын шығар", - дейді экономист.