Қаржы пирамидасына қатысы бар қазақстандық 2000 жылы қайтыс болған қырғызстандықтың құжатымен жүрген, - деп хабарлайды Dalanews.kz тілшісі.
Жергілікті 24.kg сайтының деректеріне сүйенсек, Қырғызстанның Мемлекеттік ішкі істер министрлігі былтыр 30 желтоқсанда Бішкекте ұсталған қазақстандыққа қатысты істің мән-жайын айтқан. Күдікті 2000 жылы марқұм болып кеткен қырғызстандықтың құжатымен жүрген.
Қазақстандық күдікті Қырғызстан шекарасынан өтіп, Қазақстанның құқық қорғау органдары өкілдерінен жасырынып жүрген. Бішкектегі тіркеу органының лауазымды қызметкері оған республикада заңды жүруіне көмектескен.
"Одан бөлек, күдікті қатысты есірткі сақтағаны үшін қылмыстық іс қозғалып, 150 мың сом айыппұл арқалап үлгерген", - дейді МІІМ өкілдері.
Ал қазақстандыққа заңсыз құжат берді деген күдікпен Бішкектегі халықты тіркеу департаменті, паспорттық-визалық және тіркеу жұмысы бөлімінің жетекші маманы ұсталған.