Сауд Арабиясында жеті жыл бойы жасырынып жүрген ақтөбелік терроризмді насихаттағаны үшін 8 жылға сотталды

Сауд Арабиясында жеті жыл бойы жасырынып жүрген ақтөбелік терроризмді насихаттағаны үшін 8 жылға сотталды
жи: dalanews

Ақтөбеде халықаралық іздеуде бірнеше жыл бойы жүрген 50 жастағы Асылбек Нысановқа қатысты үкім шықты. Сот оны терроризмді насихаттады деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу мәліметінше, Асылбек Нысанов 2008 жылы Сауд Арабиясындағы Мәдина қаласына кеткен. Сол жерде радикалды идеологияның ықпалына түскені анықталған. Кейін ол Telegram арқылы таныстарына терроризмді және қарулы жиһад идеясын насихаттайтын хабарламалар жіберіп отырған.

2019 жылы ақтөбелік халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл ол ұсталып, Қазақстанға жеткізілді.

Сот барысында Нысанов кінәсін толық мойындап, процестік келісім жасауды сұраған. Алайда прокуратура бұл өтінішті қолдамаған. Айыптаушы тарап сотталушының терроризмді дәріптейтін радикалды идеологияның ықпалында болғанын және оның әрекеті бейбітшілік пен қоғамдық қауіпсіздікке қарсы бағытталғанын мәлімдеді.

Сот үкімін шығару кезінде айыпталушының кәмелетке толмаған балаларының болуы мен кінәсін мойындағаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.

Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 256-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, сегіз жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот отырысы алдында сотталушының туыстары да көпшіліктің назарын аударды. Әйелдер сотқа бет-жүзін толық жауып тұратын орамалмен келген. Сот хатшысы олардан жүздерін ашуды талап етті.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде сотқа ниқаб киіп келген әйелдер әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.