Алматыдағы жер сілкінісінен кейін “Зерделі” шағын ауданының тұрғындары үрейге бой алдырып, үйлеріне оралудан қорқып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2013-2015 жылдары Алматыда “Зерделі” шағын ауданы құрылды. Тұрғындардың мәлімдеуінше, аз қамтылған және әлеуметтік жағынан қорғалмаған азаматтарға арналған аталмыш үйлерден қауіп төніп тұр.
Өткен жылы тұрғындарды қорғау мақсатында арнайы филиал көмекке келген. Өкінішке қарай, жағдай жақсарудың орынына, керісінше келеңсіз мәселелер ушыға түскен. Мәселен, #78 үйдің кіреберіс жерінің төбесі қатты бүлінген. Сонымен қатар үй қабырғаларында жарықшақтар пайда болып, тұрғындардың үрейін тудырған.
Алайда 23 қаңтар “Зерделі” шағын ауданының тұрғындары нағыз сынақты бастан өткерді. Себебі жағдайы сыр беріп тұрған үйлер жер сілкінісінен кейін аудан жұртшылығын әбігерге салып, зәре-құтын қашырған. Бұл аймақта 114 үй орын тепкен. Нақтырақ айтсақ мыңнан астам адам өмір сүреді. Зілзала орын алған түні көпшілігі жақын маңдағы мектептерде түнеген. Бірақ бұл оқиғадан кейін де аудан жұртшылығының жағдайына ешкім назар аудармаған.
Тұрғындардың айтуынша, жер сілкінісі салдарынан үйлердің 25 пайызына зақым келген. Кіреберіс пен пәтер ішінде жарықтар пайда болған. Қазіргі таңда қиындыққа тап болған бұл адамдар назардан тыс қалғанын айтып, дабыл қағуда.
Осы тұста Қазақстан Республикасы Президентінің Алматыға жұмыс сапарын ескере отырып, тұрғындар мемлекет басшысына зардап шеккен шағын ауданға барып, өз мәселесі бойынша дереу шешім қабылдауды өтініп отыр.
Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы – 6,7. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сай, алдағы уақытта жойқын жер сілкінісі болмайды.