Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев әлеуметтік саладағы жұмыстардың барысы мен тұрғындарға көрсетіліп жатқан қолдау шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
– Тұрғындарды әлеуметтік қорғау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Біз көпбалалы отбасыларды, зейнеткерлерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, жастар мен балаларды жан-жақты қолдауға тырысамыз, – деді аудан әкімі Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында.
Ауданда бүгінде 15 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша:
-
174 отбасы (826 адам) жалпы 61 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алған;
-
73 адамға тұрғын үй көмегі көрсетілген;
-
Барлығы 33 мың тұрғынға 876 млн теңге көлемінде түрлі әлеуметтік қолдау көрсетілген.
Әуезов ауданында 49 мың зейнеткер, 4,5 мың көпбалалы отбасы және 9,5 мың мүмкіндігі шектеулі азамат (оның ішінде 1,5 мың бала) тұрады.
Қазір ауданда келесі төрт ірі әлеуметтік жоба табысты жүзеге асырылып келеді:
-
«Бақытты отбасы» орталығы – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қызмет көрсетеді (21 мыңнан астам адам қамтылған);
-
«Шыңға Өрлеу» клубының үш филиалы – әлеуметтік осал топтардан шыққан 640 балаға қосымша білім береді;
-
«Тең қоғам» орталығы – ерекше қажеттіліктері бар 800-ден астам азаматқа құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек ұсынады;
-
«Белсенді ұзақ өмір» орталығының екі бөлімшесі – егде жастағы 60 мыңнан астам тұрғынға қолдау көрсетеді.
Аудан әкімінің айтуынша, жастар саясаты да ерекше назарда.
– Әуезов ауданында 41 мыңнан астам студент тұрады. Біз жастарға арналған кеңістіктерді дамытып, олардың әлеуетін арттыруға жағдай жасап отырмыз, – деді Абзал Егембердиев.
Ауданда 5 жоғары оқу орны мен 18 колледж жұмыс істейді. Сонымен қатар, жастарға арналған Комьюнити-орталық қызмет етеді. Мұнда студенттер әлеуметтік, құқықтық және мәдени бағыттағы көмек алып, бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Жыл сайын бұл орталықтың қызметін 10 мыңнан астам жас пайдаланады.
Балалар мен жасөспірімдердің дамуына бағытталған «DamuBala» мемлекеттік бағдарламасы да табысты жүзеге асырылуда.
Бағдарлама аясында 18 мыңнан астам бала 15 спорттық және 18 шығармашылық бағыт бойынша қамтылған.
2025 жылдың басынан бері 8 683 бала қатысып, 9 871 ваучер пайдаланылды (спорт – 4 632, шығармашылық – 5 239).
Ал 27 маусымдағы жағдай бойынша жүйеде 5 384 бала тіркеліп, 5 604 ваучер рәсімделген.
Сонымен қатар, «Fare Face» бағдарламасы бойынша 1 516 бала қамтылған, бұл жалпы қатысушылардың 27 пайызын құрайды.
Аудан әкімінің айтуынша, алдағы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар кеңейіп, балалар мен жастарды дамытуға арналған жобалар жүйелі түрде жалғасын табады.
