Ақмола облысында бірнеше адам сібір жарасын жұқтырды

Ақмола облысында бірнеше адам сібір жарасын жұқтырды
pixabay.com

Ақмола облысының Атбасар ауданында бірнеше тұрғын сібір жарасын жұқтырды. Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова растады,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

Министрдің айтуынша, жағдай ведомствоның қатаң бақылауында. Қазір мамандар тиісті эпидемияға қарсы шараларды жүргізіп жатыр.

– Барлық профилактикалық және эпидемиологиялық іс-шаралар атқарылып жатыр. Науқастардың жағдайы – орташа ауыр. Қажетті ем қабылдап жатыр, – деді Ақмарал Әлназарова Парламенттің бірлескен отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Министрдің мәліметінше, аудан бойынша карантин жарияланбайды.

– Залалданған ет өнімдері толығымен тәркіленді. Бұл бағытта Денсаулық сақтау және Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп жұмыс істеуде, – деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, сібір жарасы – аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол көбінесе мал өнімдері арқылы тарайды.