Ресейде Қазақстан тумасы теракт ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды

Қаракөз Амантай 26 мау. 2025 17:34

Санкт-Петербург соты Қазақстанда дүниеге келген Ярослава Чумакованы қамауға алды. Оған “теракт жасауға жәрдемдесті” деген ауыр айып тағылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу нұсқасына сүйенсек, Чумакова Украина арнайы қызметімен байланыс орнатып, Ресей Қорғаныс министрлігі қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты мәліметтерді жинап берген. Атап айтқанда, олардың тұрғылықты мекенжайы мен мінетін көліктері туралы ақпарат тапсырғаны айтылуда.

Чумакова 19 маусымда ұсталған. Алғашқыда оған ресми айып тағылмаған. Енді ол 17 тамызға дейін тергеу изоляторында қамауда болады.

Айта кетейік, бұл Қазақстан азаматтарына қатысты қозғалған жалғыз іс емес. Бұған дейін Ресейде теракт ұйымдастырмақ болған екі қазақстандықтың мерт болғаны туралы жазған едік.

БАҚ-та Ресей Федерациясында Қазақстанның екі азаматының террорлық акті жасауды ұйымдастыруға әрекеті кезінде Ресейдің күштік құрылымдарымен көзі жойылғаны туралы ақпарат тараған болатын. 

ҰҚК бұл адамдардың Қазақстандық азаматтығы барын және Ресейге шыққандығын растады.

Көрсетілген факті бойынша ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. 

Тексеріс ынтымақтастық арнасы аясында Ресей ФҚҚ-мен тығыз байланыста жүзеге асырылып жатыр.

Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды.

Сонымен қатар Теміртаудың тумасы, “Сұлулар армиясы” еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Надежда Россинская (Надин Гейслер) Украина Қарулы күштерін қолдады деген айыппен 22 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Сарапшылар кейінгі уақытта Ресейде шетел азаматтарын түрлі тәсілмен — тіпті жасанды интеллектпен жасалған дипфейк видеолар арқылы соғысқа тартуға тырысу әрекеттерінің жиілегенін айтады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар