Қазақстан осыған дейін мұнайын өткізіп келген кейбір жекелеген нарықтардан айырылып қалып жатыр. Мұны ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер департаменті ұсынған цифрларды алға тарта отырып, экономист Руслан Сұлтанов айтады. Ал мұндайда мұнай табысына байланған бюджетімізге қиынға соғары аян, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәселен, 2025 жылдың І-тоқсанында шикі мұнай экспорты көлемі бойынша 14%-ға, ал ақшалай 21%-ға немесе 8,6 млрд долларға дейін күрт қысқарған.
Сұлтановтың айтуынша, жыл басында Қазақстан мұнайын тұтынуды күрт қысқартқан Қытай (-82%) мен Сингапур ( -74%) елдері болды. Ал Оңтүстік Корея, Үндістан, Ұлыбритания, Хорватия, Польша және Бруней секілді алты мемлекет Қазақстан мұнайынан мүлде бас тартқан.
Әрине, мұндай ойсырау мұнай өндірушілерді бей-жай қалдырмағаны анық. Қазақстан мұнайы үшін 2025 жылы Мысыр мен Багам сынды жаңа нарықтарға жол ашылды. Ал Испания (+180%), Болгария (+207%) және Әзірбайжан (+125%) "қара алтын" тұтынысын күрт арттырған.
"Мұнай өндірісін арттырғанына қарамастан, экспортымыз әлі ақсап жатыр. Азия бағыты, тіпті есеңгіреп "хәл үстіндегі" күйде. Бұдан шығатын қорытыны бағалар, экспорт бағыттары, көлем – мұның барлығын геосаясат шешеді. Ол баға конъюнктурасына да, экспорт географиясына да тікелей ықпал етеді. Сондықтан Қазақстанға тек мұнайды өндірумен шектелмей, оны өңдеуде өзіндік кластер құру маңызды. Себебі толыққанды әрі түрлі өнімге толы нарық қана инвесторларға тартымды екені белгілі", - дейді Tengenomika Telegram арнасының авторы.
Қазақстандық мұнай экспортының көрсеткіштері, 2025 жыл I-тоқсан
Мемлекеттер | 2024 жылдың | I-тоқсаны | 2025 жылдың | I-тоқсаны | Өсім, | % |
Мөлшері | мың тонна | млн доллар | мың тонна | млн доллар | тоннадағы | құны |
Шикі мұнай, жалпы көлемі | 17 858 | 10 858 | 15 364 | 8 551 | -14% | -21% |
Италия | 7 042 | 4 186 | 7 152 | 3 980 | 2% | -5% |
Франция | 1 651 | 1 031 | 1 098 | 622 | -33% | -40% |
Қытай | 1 409 | 958 | 249 | 131 | -82% | -86% |
Нидерланды | 1 373 | 864 | 1 611 | 901 | 17% | 4% |
Греция |
1 047 | 652 | 1 223 | 703 | 17% | 8% |
Оңтүстік Корея | 801 | 532 | 0 | 0 | -100% | -100% |
Румыния | 830 | 474 | 1 118 | 598 | 35% | 26% |
Түркия | 605 | 379 | 538 | 301 | -14% | -21% |
Сингапур | 612 | 314 | 162 | 76 | -74% | -76% |
АҚШ | 464 | 287 | 282 | 167 | -39% | -42% |
Швейцария | 491 | 256 | 355 | 182 | -28% | -29% |
Германия | 404 | 243 | 402 | 232 | 0% | -4% |
Испания | 317 | 197 | 893 | 514 | 182% | 160% |
Үндістан | 221 | 133 | 0 | 0 | -100% | -100% |
Біріккен Корольдік | 187 | 106 | 0 | 0 | -100% | -100% |
Бруней-Даруссалам | 132 | 97 | 0 | 0 | -100% | -100% |
Хорватия | 128 | 80 | 0 | 0 | -100% | -100% |
Польша | 80 | 40 | 0 | 0 | -100% | -100% |
Болгария | 24 | 12 | 73 | 38 | 207% | 185% |
Азербайжан | 22 | 11 | 49 | 24 | 125% | 112% |
Өзбекстан | 19 | 7 | 16 | 6 | -15% | -15% |
Багам аралдары | 0 | 0 | 5 | 3 | жаңа | нарық |
Мысыр | 0 | 0 | 137 | 76 | жаңа | нарық |
Дереккөз: ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер департаменті
Бұған дейін сайтымызда "Картельмен соғыс. Келесі аптада Қазақстан ОПЕК+ келісімінен кетуі мүмкін" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ "Қазақстанды жазалап жатыр". Сарапшы алдағы күндері 1 АҚШ доллары 530 теңге болуы мүмкін екенін айтты" деген материалды да бізден оқи отырыңыздар.