Қазақстан үшін сыртқы ауыр соққылардың бастысы әлемдік мұнай нарығы болып табылады. 2025 жылдың І-тоқсанында Ұлттық қорға түскен түсімдер мұнай бағасының төмендеуіне байланысты шамамен 40%-ға қысқарды, бұл төлем балансының нашарлауына әкеліп соқты. Бұл ретте экономиканың қызып кетуін көрсететін өндірістің оң көрсеткішіндегі алшақтық әлі де белең алуда. Бұл туралы AERC-тің жаңа макроэкономикалық шолуында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қысқа мерзімді экономикалық индикатор (КЭИ) I-тоқсанда 2024 жылдың І-тоқсанымен салыстырғанда 8,3%-ға өсті. Алайда сыртқы конъюктуралар нашарлағанда бұл жағдай өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар, экономиканың қызып кетуі сыртқы факторлармен қатар инфляция өсіміне алып келеді: наурыз айында инфляция жылдық мәнде 10%-ға дейін үдеді, әсіресе ақылы қызметтердің қымбаттауы есебінен", - деп атап өтті AERC-тің Бас директоры Жәнібек Айғазин.
Жаңа шолуында AERC макроэкономикалық болжамдарға аздап түзетулер енгізіпті. Оған сәйкес, Қазақстанның нақты ЖІӨ-сі 2025 жылы 4,5% деңгейінде өседі деп күтіледі (қаңтардағы болжамда бұл көрсеткіш 4,6% деп көрсетілген). Жиынтық ұсыныс моделі бойынша болжанған экономикалық өсім, негізінен, көлік және құрылыс секторындағы өсім есебінен 4,4%-ы (бұрын - 4,5%) құрайды. Еліміздегі инфляциялық ахуал әлі де шиеленісті. Тұтыну бағаларының болжанған орташа жылдық өсімі 9,8%-ға дейін артты. Төмендету бағытында оны қайта қарау ықтималдығы аз, өйткені фискалдық ынталандыру кеңеюде. Сыртқы экономикалық тәуекелдер, ең алдымен сауда жағдайларының нашарлауы Ұлттық қорға және фискалдық балансқа келіп түсетін қаражатты шектеуді жалғастыруда.
Мемлекеттік бюджет тапшылығының болжамы ЖІӨ-нің (- )2,4% деңгейіне дейін (2,3% - бұрын) нашарлады. Өз кезегінде, күтіліп отырған мұнай өндірісі көлемінің артуының арқасында төлем балансының ағымдағы шотының сальдосы шамалы жақсарады деп болжанады: ЖІӨ-нің (- ) 7,1%- на дейін (бұрын - 8% ).
Сондай-ақ, ДСҰ бағалауы бойынша, 2025 жылы әлемдік тауар айналымы 2024 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға қысқарады, ал бұл АҚШ тарифтерді көтермей тұрған кездегі деңгейден 3 п.п. төмен. Сонымен қатар ХВҚ сәуір айындағы шолуда 2025 жылға арналған жаһандық экономикалық өсімге қатысты болжам да қайта қаралған: жылдық мәнде 3,3% - дан 2,8%-ға дейін төмендеу тұрғысында.
"Бір қызығы, бірқатар елдер АҚШ-қа қатысты тарифтерде шағылыстыру тәсілін қолданбайтынын жариялады. Алайда, Қытай, керісінше, өз мүддесіне нұқсан келтіруі мүмкін келісімдерден бас тартып, АҚШ-ты қолдайтын елдер үшін шектеулер де енгізі, қатаң ұстанымды ұстануда", делінген басылымда.
Осы жағынан алғанда, осал салалардың бірі әлемдік автомобиль нарығы болуы мүмкін. Дегенмен, 2025 жылғы І-тоқсанда Қытай экономикасының ЖІӨ өсімі 5,4% деңгейінде қалыптасып, тұрақтылықты танытты, бұл күтілген көрсеткіштерден жоғары. Бұл деректер Қытай үшін қазірдің өзінде ішкі сұраныстың беріктігін білдіретін сауда қақтығысында оң сипатты танытады. Дегенмен, жылжымайтын мүлік секторындағы жалғасып жатқан дағдарыс, дефляция және өтімділік тұзағымен байланысты тәуекелдер әлі сақталып отыр.
Биржалық тауарлар нарығы 2025 жылдың І-тоқсанында бағалы металдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінен басқа тауарлардың барлық дерлік топтары бойынша бағаның төмендеу үрдісін көрсетті. ФАО индексі 2025 жылдың 1-тоқсанында өсіп, тіпті өткен жылдың осы кезеңіндегі орташа деңгейден жоғары болды. Мұнай бағасына қатысты 2024 жылдың екінші жартысында басталған құлдырау жалғасын табуда, бұл ОПЕК+ шеңберіндегі талап етілген шекті көлемді бұзумен, жаһандық тәуекелдердің артуымен және сұраныстың төмендеуімен байланысты.