Талғар әкіміне көшелерді тазаламағаны үшін айыппұл салынды

Көркем Алдабергенова 07 қар. 2025 16:10

Талғар әкімі мен орынбасары көшелерді дер кезінде тазаламағаны үшін айыппұл төледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Zakon.kz мәліметінше, қыс мезгіліндегі жолдардың нашар болуына байланысты Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілхайырұлы мен оның орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция мәліметінше, қала көшелеріндегі қар мен мұз уақытылы тазаланбаған, соның салдарынан жол-көлік оқиғалары мен жарақаттар саны артқан.

Әкім мен оның орынбасарына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 631-бабы бойынша хаттама толтырылып, 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Айта кетейік, Талғар әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы халықпен тілдесудің жаңа форматына көшіп, "тиктокер әкім" атанған болатын. 

Қала басшысы "akim_goroda_talgar" атауымен желідегі парақшасын белсенді жүргізеді. TikTok желісінде 30 мыңға жуық оқырман жинаған, ал видеоларының қаралымы бірнеше жүз мыңнан асып кетеді. Арыстанбек Әбілқайырұлы желіде тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, тіпті бір азаматты үйіне іздеп келген.

Қала тұрғындарының бірі өзі тұратын көше лас екенін айтып шағымданған. "Левитана көшесін көрші, қандай лас?!" деген тұрғынның сұрағына әкім былай жауап қатқан:

"Марс, келе жатырмын, қарсы ал. Үйдесің бе? Шық. Қазір Левитана көшесіне келеміз. Бес минутта боламын", - дейді әкім видеода.

Әкімді қонаққа шақырған талғарлық үйінде жоқ болып шықты, ол әкімнің видеосына "мен жұмыстамын ғой" деп жазып жіберген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар