Авраам келісімінің Қазақстан үшін қандай пайдасы бар? Саясаттанушы пікір білдірді

Қаракөз Амантай 07 қар. 2025 16:30

Қазақстан "Авраам келісіміне" қосылуға ниет білдірді. Саясаттанушы Айдар Амребаевтың пайымынша, бұл қадам елдің көпвекторлы сыртқы саясатының жалғасы әрі Қазақстан үшін жаңа дипломатиялық және экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл жайында ол Dalanews.kz агенттігіне пікір білдірді.

Авраам келісімі деген не?

Авраам келісімі 2020 жылы АҚШ-тың бастамасымен Израиль мен бірқатар араб елі (БАӘ, Бахрейн, Марокко және Судан) арасында жасалған тарихи құжат. Оның негізгі мақсаты - Израиль мен араб мемлекеттері арасындағы ұзақ жылдық текетіресті бәсеңдету әрі Таяу Шығыста тұрақтылық орнату, аймақта экономикалық ынтымақтастықты дамыту.

Көпвекторлы саясаттың көрінісі

Саясаттанушы Айдар Амребаевтың пікірінше, Авраам келісіміне Қазақстанның қосылуы елдің сыртқы саясатындағы көпвекторлы бағыттың жалғасы іспетті.

Оның айтуынша, бұл қадам АҚШ-пен қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ инвестициялық және технологиялық әріптестікті кеңейтуге мүмкіндік береді.

“Дональд Трамп билікке қайта оралған соң Таяу Шығыс елдері мен Израиль арасындағы бейбіт қатынасты күшейтуге күш салып жатыр. Бұл жағдайда Қазақстан үшін АҚШ-пен жылы қарым-қатынас орнату ерекше маңызды. Мұндай байланыс инвестиция тартуға, жаңа технология енгізуге және елдің ұлттық мүддесін ілгерілетуге ықпал етеді”, — дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Қазақстанның геосаяси орналасуы мұндай тепе-тең саясат жүргізуді талап етеді.

"Біз екі алпауыт мемлекеттің ортасында тұрмыз. Сондықтан екі тараппен де сындарлы қатынас орнату көпвекторлы саясаттың басты қағидаты. Бұл тұрғыда Абылай ханның дипломатиялық ұстанымы үлгі бола алады. Ол да түрлі державамен тең қатынас орнатып, ел мүддесін қорғаған. Қазіргі Қазақстан да осы жолды жалғап келеді", - деді Амребаев.

Қазақстан үшін пайдасы қандай?

Сарапшының пікірінше, Авраам келісіміне қосылу Қазақстанға тікелей экономикалық пайда әкелмеуі мүмкін, алайда саяси тұрғыдан тиімді шешім болмақ.

“Бүгінде көптеген мемлекет біздің сирек металдарымызға, табиғи байлығымызға қызығушылық танытып отыр. Ал Трамптың саясаты бизнеске негізделген. Ол қай елге барса да өзара пайдаға бағытталған келісім орнатуға тырысады. Қазақстан да осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білуі керек”, — деп түсіндірді саясаттанушы.

Айдар Амребаев Қазақстанның бұл келісімге қосылуын технологиялық және инновациялық тұрғыдан тиімді деп бағалайды.

“Орта Азия елдерінің ішінде бұл келісімге бірінші болып Қазақстанның қосылуы үлкен геосаяси қадам. Израильдің ауыл шаруашылығы, медицина, цифрлық технология және киберқауіпсіздік салаларындағы тәжірибесін меңгеру ұлттық мүддемізге оң әсерін тигізеді”, — дейді ол.

Ақорда мен Ақ үй мәлімдемесі

Айта кетейік, бүгін, 7 қарашада АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Израиль мен мұсылман елдері арасындағы бейбіт қатынасты нығайтуға бағытталған Ибраһим келісіміне қосылатынын жариялады.

Трамп бұл туралы Truth Social желісінде жазып, жақын арада құжатқа қол қою рәсімі өтетінін хабарлады.

"Қазақстан – менің екінші президенттік мерзімімде Ибраһим келісіміне қосылатын алғашқы мемлекет. Қазір көптеген ел бұл бастама арқылы бейбітшілік пен өркендеуге бет бұрып отыр. Жақын уақытта ресми қол қою рәсімін өткізуді жоспарлап отырмыз", – деді АҚШ президенті.

Қазақстанның келісімге қосылатынын Ақорда да ресми түрде растады. Хабарламаға сәйкес, Ақ үйдегі кездесу кезінде Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен.

"Ибраһим келісіміне қосылу арқылы Қазақстан қақтығыстарды еңсеруге, диалогты дамытуға және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға өз үлесін қосады. Бұл шешім еліміздің басқа мемлекеттермен екіжақты қатынастарына әсер етпейді. Керісінше, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған көпжақты дипломатияның қисынды жалғасы", - деп мәлімдеді Ақорда.

Бұған дейін

Еске салайық, бұған дейін Израильдің бұрынғы байланыс министрі Аюб Кара жақында Jewish News Syndicate (JNS) басылымында Қазақстан мен Әзербайжанның «Авраам келісіміне» қосылу ықтималдығын саралап, екі елдің Израиль және АҚШ-пен әріптестігін тереңдетуге мүмкіндігі зор екенін жазған еді.

Автордың пайымынша, Қазақстан мен Әзербайжан мұсылман халқы басым болғанына қарамастан, Израильмен ашық әрі белсенді байланыс орнатқан мемлекеттер. Соңғы жылдары аталған елдердің Израильмен қарым-қатынасы стратегиялық деңгейге жетіп, ынтымақтастық экономикалық және қорғаныс салаларына дейін кеңейген.

Қазақстанның Израильден ауыл шаруашылығы мен медициналық инновациялар, су тұщыландыру құрылғылары және заманауи қару-жарақ жүйелерін алуға қызығушылығы зор. Әзербайжан болса Израильмен қорғаныс пен байланыс саласында ерекше тығыз әріптестік орнатқан. Қазір екі мемлекет те Израильге энергия көздерін, атап айтқанда, мұнай мен газ жеткізіп отыр.

Аюб Караның айтуынша, «Авраам келісіміне» қосылу арқылы Қазақстан мен Әзербайжан технологиялық тұрғыда Израильмен қатар АҚШ-пен де тығыз байланыс орнатып, аймақтағы ықпалын нығайта алады.

Әсіресе, екі елдің геосаяси орналасуы бұл қадамның стратегиялық мәнін арттыра түседі. Әзербайжанның Ресей мен Иран секілді алып көршілері бар, ал Қазақстан болса Қытай мен Ресейдің арасында орналасқан және Иранның ықпалынан тыс емес. Аймақтағы осы үш алпауыт держава Шығыс-Батыс сауда жолдарын бақылауда ұстайды. Сондықтан Орталық Азия елдері сыртқы саясатта көпвекторлық ұстанымды басшылыққа алған.

Автордың бағалауынша, аталған келісімге қосылу Қазақстан мен Әзербайжанның аймақтағы ұстанымын күшейтіп, Ресей, Қытай және Иран секілді державаларға қатысты позициясын нығайтуға жол ашады.

Әзербайжан үшін Иранмен арадағы шиеленісте сес көрсететін күшке айналуы ықтимал. Өйткені Тегеран Бакуге қарсы астыртын әрекет жасап, Арменияны қолдаумен қатар, Әзербайжандағы еврей нысандарына қатысты экстремистік жоспарлар құрып келеді деген деректер бар.

Ал АҚШ тұрғысынан Әзербайжанның келісімге қосылуы Иранды тежейтін тетіктердің біріне айналуы мүмкін. Себебі, Иран аумағындағы ең ірі этникалық азшылық әзербайжан ұлтының ықпалы арқылы Вашингтон Иранға қосымша қысым жасаудың мүмкіндігін иеленеді.

Қазақстан туралы сөз қозғағанда автор елдің Қытай мен Ресейге тәуелділікті азайтуға мүдделі екеніне назар аударған. АҚШ және Израильмен ынтымақтастықтың нығаюы Қазақстанның Еуропаға бағытталған балама экспорттық дәліздерді дамытуына ықпал етер еді.

Соның ішінде Каспий арқылы Әзербайжан аумағымен өтетін «Орта дәліз» жобасы маңызды орын алады. Осылайша, Қазақстан мен Әзербайжан еуропалық нарыққа ресейлік мұнайдан бөлек энергетикалық балама ұсынып, АҚШ-қа Қытайдың ықпалынан тыс сирек кездесетін құнды минералдық ресурстарға жол аша алады.

Кара мақаласында түркілік ынтымақтастық мәселесін де ерекше атап өткен. 2023 жылдан бері Қазақстан мен Әзербайжан түркітілдес елдер коалициясын құруға белсене кірісті. Ортақ тіл, тарих пен мәдениетке негізделген бұл бірлестік Түркиядан Қырғызстанға дейінгі аймақты қамтиды. Екі ірі түркі мемлекетінің «Авраам келісіміне» қосылуы аймақтағы басқа елдерге де үлгі болып, Израильдің мұсылман әлемімен байланысын нығайта түседі деген болжам бар.

Қорытындысында автор Қазақстан мен Әзербайжанның келісімге қосылуын «барлық тарап ұтатын» стратегиялық қадам деп бағалайды. Израиль жаңа әріптестер табады, АҚШ Еуразияда сенімді серіктестерге ие болады, Еуропа энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, аймақтағы елдер технологиялық және дипломатиялық мүмкіндіктерге кеңінен қол жеткізеді. Сондықтан автор осы мүмкіндікті дер кезінде тиімді пайдалануға шақырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар